
2025 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанның сыртқы қарызы 170,5 млрд долларға жетіп, тарихи рекорд орнатты. Бұл теңгемен 88,4 трлн теңгеге жуық. Алайда Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мемлекеттің сыртқы қарызы өте көп емес деп тұжырымдайды. Оның айтуынша, маңыздысы – қарыздың абсолюттік мөлшері емес, оның ішкі жалпы өнімге (ЖІӨ) қатынасы.
Сүлейменовтің пайымдауынша, 2018–2019 жылдардағы жағдаймен салыстырғанда, бүгінгі экономикалық ахуал әлдеқайда тұрақты. Ол кезде сыртқы қарыз шамамен қазіргідей 160–170 млрд доллар шамасында болғанымен, ЖІӨ көлемі де 170 млрд доллар еді. Нәтижесінде қарыздың ЖІӨ-ге қатынасы 110–120% болатын.
Ал қазіргі кезде Қазақстан экономикасы айтарлықтай өскен. 2025 жыл соңында жалпы ішкі өнім көлемі 275 млрд долларды құрауы тиіс. ЖІӨ артқанымен, қарыз көлемі өзгеріссіз қалды. Қазір бұл көрсеткіш жалпы ішкі өнімнің 57–58%-ын құрайды. Бұл – қарыз жүктемесінің екі есеге жуық төмендегенін көрсетеді.
«Қарапайым мысал: табысыңыз өсіп, несие көлемі бұрынғыдай қалса, жақсы емес пе? Дәл осындай жағдай бізде де қалыптасып отыр», – деді Ұлттық банк төрағасы.
Сыртқы қарыздың басым бөлігі жеке секторға тиесілі
Ұлттық банктің дерегі бойынша, сыртқы қарыздың негізгі бөлігі жеке сектордың үлесінде – 138,2 млрд доллар. Оған негізінен мұнай-газ, өндіріс және қаржы секторындағы ірі компаниялардың инвестициялық міндеттемелері кіреді.
Мемлекеттік сыртқы қарыз көлемі 14,8 млрд доллар болса, ал банк және квазимемлекеттік сектордың қарызы 17,5 млрд долларды құрайды.
Сүлейменовтің айтуынша, сыртқы қарыздың 90%-ы – жеке компанияларға тиесілі, ал мемлекеттік үлесі – 10%-дан аз. Сондықтан бұл қарыз ел бюджетіне ауыр салмақ салмауы тиіс.
Қазақстан биыл сыртқы борышын өтеуге 45 млрд доллар жұмсауы ықтимал.