Тұрмысы төмен азаматтар үш айға кредит каникулын ала алады

Жарияланды
Шығарушы редактор, шеф-редактордың орынбасары
Business News бөлімінің редакторы
Кредитные каникулы
Фото: Shutterstock

Тұрмысы төмен азаматтар мен төтенше жағдайдан зардап шеккендер несие төлеу мерзімін үш айға кейінге шегере алады. Ол үшін табысының 30 пайыздан аса азайғанын құжатпен дәлелдеуге тиіс. Бұл жаңа ереже 2025 жылғы 31 тамыздан бастап күшіне енеді.

Бұл кезеңде банк немесе микрокаржы ұйымы қосымша ақы, комиссия немесе өсімпұл талап етпейді.

Жаңа тәртіп бойынша, қарыз алушы арнайы бекітілген форма арқылы өтініш жазып, табысының азайғаны немесе тұрмыс жағдайының қиындағанын растайтын құжаттарын қоса тапсырады. Мұндай құжат жұмыстан шығару туралы бұйрық, ауру туралы анықтама, мүгедектік немесе төтенше жағдай туралы ресми қағаз болуы мүмкін.

Банк немесе микроқаржы ұйымы өтінішті 15 күн ішінде қарастыруы керек. Өз кезегінде қарыз алушы банк ұсынған балама шарттарға 15 күннен кем емес мерзім ішінде жауап беруі тиіс.

Егер тараптар 30 күн ішінде келісімге келе алмаса, өтініш қанағаттандырылмаған болып есептеледі. Алайда екі жақтың келісімімен бұл мерзім ұзартылуы мүмкін.

Банктер мен микроқаржы ұйымдары әр тоқсан сайын реттеуші органға – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне түскен өтініштер, қабылданған шешімдер мен бас тарту себептері туралы есеп тапсыруға міндетті.

Жаңа ережелер қаржылай қиындыққа тап болғандардығ жағдайын жеңілдетіп, олардың құқығын қорғауға бағытталған.

Бұған дейін елімізде несие төлемін кейінге қалдырудың нақты әрі міндетті тәртібі болмаған. Азаматтар банкке немесе микроқаржы ұйымына жағдайын айтып, өтініш беруі мүмкін еді, бірақ қаржы ұйымының келісуі міндетті емес болатын. Тек COVID-19 індеті кезінде уақытша жеңілдіктер енгізіліп, зардап шеккендерге төлемді шегеру ұсынылған.

Сонымен қатар, елімізде мерзімді әскери қызмет атқарып жатқан сарбаздар мен кей жағдайда әскери жиынға шақырылған резервтегілер де несиесін уақытша төлемей тұра алады. Бұл – олардың борыш жүктемесін азайту үшін қабылданған шара.

Айта кетейік, алдағы уақытта банктер мен микроқаржы ұйымдары берілген несиелер мен салымдар бойынша шарттарды қаржы реттеушіге міндетті түрде хабарлап отыруы тиіс.

Сондай-ақ оқыңыз