Валюта бағамы таблосын алып тастамаған айырбастау пункттеріне айыппұл салынуы мүмкін

Қазақстанда ақша айырбастау пунктері енді сыртқа валюта бағамын жазып қоя алмайды. Ұлттық банк бұл талапты 2025 жылдың қыркүйек айынан бастап енгізіп отыр. Жаңа ережеге сәйкес, валюта бағамын көшедегі таблоға, ғимараттың шатыры немесе қабырғасына, жылжымалы не сыртқа орнатылатын стендтерге жазуға тыйым салынады.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, егер айырбастау орындары бұл талапты орындамаса, оларға айыппұл салынады. Бұл үшін жауапкершілік еліміздің Әкімшілік кодексінде қарастырылған. Айыппұл мөлшері 3-тен 5 айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни шамамен 12 мыңнан 19 мың теңгені құрауы ықтимал.
Сүлейменов атап өткендей, бұл мәселені Ұлттық банктің өңірлік филиалдары бақылап отырады.
Бұл өзгеріс валюта нарығындағы ашық емес жарнама мен адамдарды жаңылыстырудың алдын алу үшін жасалып отыр. Ұлттық банк айырбастау пунктерінің сыртқы ақпараттық құралдар арқылы клиенттерді «арзан бағамен» тарту әрекетін шектеуге ниетті.
Валюта курсы жазылған таблоны алып тастау мәселесі сәуір айында көтерілді. Сол кезде Ұлттық бангк арнайы қаулы жобасын жариялаған. Ал ҰБ төрағасы Тимур Сүлейменов «курс жазылған табло – тоқсаныншы жылдардан қалған анахронизм» деп мәлімдеген.
Айырбастау пункттері қауымдастығы бұл жаңалыққа қарсы шықты. Олар курс жазылған табло әлеуметтік маңызы бар ақпарат ретінде ашық ілінуі керек, қауіпсіздікке еш әсері жоқ деп есептейді.