
2025 жылдың 6 айында қазақстандықтар eGov.kz порталы және eGov Mobile қосымшасы арқылы 26 млн мемлекеттік қызмет алған. Бұл туралы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» баспасөз қызметі хабарлайды.
.Оның ішінде 12 миллион немесе 45%-ы смартфондар арқылы көрсетілген.
«Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы онлайн қолжетімді және қазақстандықтар бұл мүмкіндікті белсенді пайдаланып келеді. Электрондық үкімет порталына тіркелген пайдаланушылар саны 14,8 миллионнан асты, оның ішінде 270 мың адам биыл ғана тіркелген», – делінген хабарламада.
eGov Mobile мобильді қосымшасының аудиториясы 1,1 миллионға көбейіп, 11 миллионға жетті. Қосымшадағы ең сұранысқа ие сервистердің бірі – «Цифрлық құжаттар» бөлімі. Бұл қызмет 41 миллионнан астам рет пайдаланылған. Бүгінде қосымшада жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, студенттік билет және басқа да маңызды құжаттарды қоса алғанда, 38 цифрлық құжат алуға болады.
Электрондық үкімет іске қосылғалы бері азаматтарға жалпы 573 миллион қызмет көрсетілген: оның ішінде 489 миллионы – eGov.kz порталы арқылы, 84 миллионы – eGov Mobile мобильдік қосымшасы арқылы.