Lifestyle

«Бауырына салу» Италияның беделді кинофестивалінде ең үздік фильм атанды

«Бауырына салу» Италияда ең үздік фильм атанды / фото: ашық дереккөз

Қазақстандық режиссер Асхат Кучинчерековтың «Бауырына Салу» атты туындысы Италияның Иския аралында өткен 23-ші Ischia Film Festival халықаралық кинофестивалінде «Үздік толықметражды фильм» номинациясы бойынша бас жүлдені жеңіп алды.

Фильм Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген.

Бұған дейін «Бауырына Салу» фильмі:

  • Asia Pacific Screen Awards байқауында «Ең үздік жастар фильмі» атанған;
  • Baku International Film Festival (Әзербайжан) додасында бас жүлдеге ие болған;
  • Cinema Heritage Festival (Франция) фестивалінде арнайы марапатқа лайық деп танылған;
  • Ал оператор Жанарбек Елеубек Asia World Film Festival аясында «Үздік оператор» номинациясын жеңіп алған.

Сонымен қатар фильм «Оскар-2025» премиясына «Шет тіліндегі үздік фильм» номинациясы бойынша Қазақстан атынан ресми түрде ұсынылған.

Фильм не туралы?

«Бауырына Салу» — дәстүр мен қазіргі қоғам арасындағы байланысқа арналған терең драмалық туынды. Сюжет бойынша бала қазақтың көне дәстүріне сай әжесінің бауырында өседі. Бірақ әжесі қайтыс болған соң ата-анасының қолына оралып, жаңа ортаға бейімделуде қиындықтарға тап болады. Бала бейтаныс жандардың арасында өзін бөтен сезініп, өзін-өзі табуға тырысады.

2003 жылдан бері өтетін Ischia Film Festival — Еуропадағы ең ерекше мәдени шаралардың бірі. Фестиваль Иския аралындағы ортағасырлық Арагон сарайының аумағында өтеді. Мұндағы басты ерекшелік — фильмдердің түсірілім орны мен визуалды ортасына ерекше мән беріледі. Яғни, туынды тек мазмұн емес, сонымен қатар мәдени әрі табиғи кеңістік контекстінде бағаланады.