Қазақстандықтар енді Мароккоға тегін оқуға түсе алады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Марокко қазақстандықтар үшін гранттар ұсынды / коллаж: kursiv.media

Марокко Корольдігі 2025–2026 оқу жылына серіктес елдер үшін арнайы білім гранттарын ұсынып отыр. Осы бағдарлама аясында Қазақстан азаматтарына Марокконың мемлекеттік жоғары, техникалық және кәсіптік оқу орындарында білім алуға арналған 20 стипендиялық грант бөлінді.

Бағдарлама бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерін қамтиды. Грант иегерлері Марокконың жетекші университеттерінде таңдаған бағыты бойынша білім ала алады. Оқу тілі ретінде көбінесе француз тілі қолданылады. Егер үміткер француз тілін жетік меңгермесе, Рабат қаласындағы Халықаралық тілдер орталығында арнайы дайындық курсынан өте алады. Бұл курстарды Марокко халықаралық ынтымақтастық агенттігі (AMCI) ұйымдастырады.

Оқуға түсу талаптары қандай?

Стипендиялық бағдарламаға қатысу үшін бірқатар талаптар қойылады. Бакалавриатқа түсушілердің орта білім туралы аттестаты 2024 немесе 2025 жылы берілген болуы тиіс және негізгі бағалар «өте жақсы», «жақсы» немесе «қанағаттанарлық» деңгейінде болуы қажет.

Магистратураға үміткерлер жоғары білім туралы диплом иесі болуы керек, ал докторантураға ниет білдірушілердің магистр дәрежесі немесе оған балама білімі болуы қажет. Жас шектеулері нақты оқу орнына байланысты өзгеруі мүмкін, бірақ орташа есеппен 19 бен 23 жас аралығында шектеледі.

Марокконың мемлекеттік оқу орындарының тізімі, оқу бағыттары, диплом түрлері және қабылдау шарттары туралы толық ақпарат AMCI-дің ресми сайтында жарияланған. Қосымша мәліметтерді Марокко Жоғары білім министрлігінің және университеттердің ресми сайттарынан алуға болады.

Қатысуға ниетті үміткерлер 2025 жылдың 31 шілдесіне дейін өтініштерін Қазақстан Республикасының Марокко Корольдігіндегі Елшілігіне жолдауы тиіс. Құжаттар электронды түрде қабылданады. Өтініш беру тәртібі мен қажетті құжаттар тізімін Болашақ халықаралық бағдарламалар орталығының сайтынан қарауға болады.

Еске сала кетейік, бұған дейін қазақстандық азаматтар үшін Мароккоға визасыз режим енгізілген еді.

Сондай-ақ оқыңыз