Ақтау қаласының жылу желілерін жөндеуге үкімет резервінен 3,6 млрд теңге бөлінді

Ақтау қаласының жылу желілерін жөндеуге үкімет резервінен 3,6 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылыту маусымында халықты жылумен үздіксіз қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын іске асыру шеңберінде Маңғыстау облысы Ақтау қаласындағы 9,2 шақырым магистральдық жылу желілерін реконструкциялау жұмыстарын аяқтауға Үкімет резервінен шамамен 3,6 млрд теңге бөлінді. Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды», – делінген үкімет хабарламасында.
Қаланың жылу желілерін жаңғыртуға 13,8 млрд теңге жоспарланған. Жөндеу жұмыстары 2024 жылы басталды. Жаңғырту аясында 5,5 шақырым жылу желісі екі құбырлы жүйемен тартылған.
Атқарылып жатқан шаралар барысында ескірген болат құбырлар алынып, орнына диаметрі 530 мм-ден 1020 мм-ге дейін жететін көбікті полиуретан оқшаулағышпен жабдықталған жаңа құбырлар орнатылған. Сонымен бірге өткен жылыту маусымында ақаулар анықталған тұстар да жөнделген.
Үкімет мәліметінше, Ақтау қаласының жылу желілерінің жалпы ұзындығы 562 шақырымды құрайды. Олардың 79%-ы тозған. Жаңғырту жұмыстарынан кейін жылу желілерінің тозу деңгейі 75%-ға дейін қысқарады деп жоспарланып отыр.
«Бұл тұрғындарды жылыту маусымында үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге, ыстық су жеткізу өткізу қабілетін арттыруға және пайдалану шығындарын азайтуға мүмкіндік береді», – деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Үкімет «Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2025-2029 жылдар аралығында қаржыландыру көлемін айқындап, осы мерзім соңына дейін қаланың 175 шақырым жылу желілері мен жылумен жабдықтау көздерін реконструкциялауды көздеп отыр.
Айта кетейік, үкімет резервінен Жезқазған қаласының жылу желілерін жаңғыртуға 2,8 млрд теңге бөлінгені хабарланды. Сондай-ақ Павлодар мен Екібастұздың жылу желілерін жөндеуге 3,8 млрд теңге, ШҚО-ның жылу желілеріне 2,5 млрд теңге бөлінген.