Жаңалықтар

Алматы әкімі Қытай дипломаттарымен өнеркәсіптік кооперация мәселесін талқылады

Дархан Сатыбалды Қытай дипломаттарымен кездесті / Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлин өнеркәсіптік кооперация және өзара ынтымақтастық мәселесін талқылады. Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қытай елінің өкілдерімен кездесу

Әкімдік хабарлауынша, қала басшысы Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинмен және ҚХР-дың Алматыдағы бас консулы Цзян Вэймен кездескен.

Кездесу барысында сауда, өнеркәсіп және инвестиция сынды басым салаларда өзара тиімді әріптестікті нығайту мәселесі талқыланған. Сатыбалды екі ынтымақтастығының арқасында Алматы мен Қытай арасындағы тауар айналымы артқанын, Қытайдың үлесіне Алматының жалпы сыртқы сауда айналымының 32,9%-ы тиесілі екенін атап өткен. Ал осы жылдың 5 айында Алматы мен ҚХР арасындағы тауар айналымы 3,4 млрд АҚШ долларынан асқан. Әкім мұның жақсы көрсеткіш екенін айтты.

Автомобиль өндірісі

Сонымен бірге кездесу барысында өнеркәсіптік кооперация мәселесі де қозғалған. Әкім қалада автомобиль кластерін құру бойынша өнімді жұмыстар жүргізіліп жатқанын, нәтижесінде мегаполистің индустриялық өсімі артқанын тілге тиек етті.

«Бүгінде Алматының Индустриялық аймағында қытайлық серіктестердің қатысуымен ауқымды жоба жүзеге асырылып отыр. Changan, Chery және Haval маркаларындағы көпбрендті автозауыт іске қосылмақ. Кәсіпорын жылына 90 мың жеңіл автокөлік шығара алады. 2028 жылға қарай өндіріс көлемін жылына 220 мың автокөлікке дейін ұлғайту жоспарланып отыр», – әкім.

Әуе байланысы

Дархан Сатыбалды қаланың Қытай елімен әуе байланыстарына да тоқталған. Екі елі арасындағы әуе қатынасының дамуына байланысты Алматы мен Қытай қалалыр арасында қатынайтын туристер саны арт түскен. Қазіргі таңда Алматыдан Бейжің, Үрімжі, Сиань, Ханчжоу, Санья, Гуанчжоу және Инин секілді Қытайдың ірі қалаларына ұшуға болады. Ал жақында China Eastern Airlines әуе компаниясы Шанхай – Алматы бағытында жаңа рейсін ашты.

Екіжақты ынтымақтастықты нығайту

Хань Чуньлин Қытайдың екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін жеткізген.

«Мемлекеттеріміздің көшбасшыларының стратегиялық басшылығы аясында іскерлік ынтымақтастық тұрақты оң қарқын көрсетіп отыр. Былтыр елдеріміз арасындағы тауар айналымы 43,8 миллиард АҚШ долларына жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 6,8% артты. Жалпы алғанда, біз Қазақстанмен сауда, инвестиция, туризм, мәдениет және денсаулық сақтау салаларындағы әріптестікті одан әрі нығайтуға дайынбыз», – деді ол.

Айта кетейік, осыған дейін Дархан Сатыбалды Орталық Азия өңірі бойынша BYD компаниясының басқарушы директоры Айван Цаомен кездескен болатын. Кездесу барысында Алматының BYD электробустарын шығаратын орталыққа айналуы мүмкін екені айтылды.