Алматыда ескі үйде тұратын 200 отбасыға жаңа пәтер берілді

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
жаңа пәтер
Ескі үйде тұрған 200 отбасыға жаңа пәтер берілді / Фото: Алматы әкімдігі

Алматыда ескі үйде тұратын 200 отбасыға жаңа пәтер берілді. Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Пәтерлер «Алматы қаласының тұрғын үйді жаңарту бағдарламасы – 2030» аясында берілген. Баспана «бөлме орнына бөлме» қағидатымен берілген. Сонымен бірге ескі үй иелеріне бұрынғы тұрғын үйдің нарықтық құнына сәйкес өтемақы төленген. Әкімдік мәліметінше барлық пәтерлер таза әрлеумен табысталған. Жаңа үйлерге өртке қарсы дабыл жүйесі, сантехника, фаянс, газ және электр плитасы орнатылып, интернет жүргізілген.

Алматының мына аудандарының тұрғындары жаңа пәтерге ие болған:

  • Түрксіб ауданынан – 99 адам;
  • Алмалы ауданынан – 57 адам;
  • Жетісу ауданынан – 32 адам;
  • Әуезов ауданынан – 20 адам;
  • Бостандық ауданынан – 7 адам;
  • Алатау ауданынан – 3 адам;
  • Медеу ауданынан – 2 адам жаңа пәтерге қоныстанған.

Бағдарлама аясында ескі үй тұрғындарын көшіру және ғимараттарды сүру жұмыстары барлық меншік иелерінің келісімімен жүргізілген. Әкімдік халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін каркас пен қамыстан салынған үйлер мен тектоникалық қауіпті аймақтарда орналасқан ғимараттарды сүру жұмыстарын жалғастыратынын хабарлады.

«Берілген баспанаға көшуден бас тартқан жағдайда тұрғындар ескі үйде тұра береді, бірақ ықтимал қауіп-қатерге өзі жауапты болады», – деп ескертеді әкімдік.

Жыл соңына дейін әкімдік 600-ден астам адамды жаңа тұрғын үймен қамтамасыз етпекші. Ал 2030 жылға дейін қаладағы ескі үйлердің санын 166-дан 690-ға дейін азайтып, 7500 отбасын жаңа пәтерге көшіру жоспарланып отыр.

Айта кетейік, 2024 жылдың күзінде Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Нұрлан Боранбаев қаланың тектоникалық белсенді аймағында орналасқан 71 үйдің апатты деп танылғанын хабарлаған. Әкімдік өкілі мұндай аймақтарда орналасқан 700 үйдің сүрілетінін ескерткен еді.

Сондай-ақ оқыңыз