Тургунди-Герат бағыты: Қазақстан Ауғанстанға темір жол салып береді

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Қазақстан Ауғанстанға теміржол салып береді
Қазақстан Ауғанстанға теміржол салып береді / Фото: СІМ

Қазақстан Ауғанстанға теміржол салып береді. Бұл туралы Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Ауғанстан еліне сапары кезінде айтылған.

Жұмыс сапары

СІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ауған тарапының шақыруымен Қазақстан дипломаттары Ауғанстанға барған. Жұмыс сапары барысында министр Ауғанстан премьер-министрінің экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы Абдул Ғани Барадармен кездескен.

Тараптар сауда-экономикалық, транзиттік және аграрлық сала және геобарлау мен цифрландыру бағытындағы ынтымақтастық орнату мәселесін талқылаған.

Екі ел арасындағы ынтымақтастық

Мұрат Нұртілеу Қазақстанның ауыл шаруашылығы, логистика, цифрландыру, пайдалы қазбалар өндіру, сауда салалары бойынша және басқа да болашағы зор салаларда ынтымақтастық орнатуға басымдық беретінін айтқан.

«Бүгін Ауғанстан – біз үшін сауда-экономикалық күн тәртібін белсенді дамытып отырған маңызды серіктестердің бірі. Біз тауар айналымын 3 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайтуды көздеп отырмыз – бұл мақсат екі тараптың қолдауына ие. Бұл үшін Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін, жанар-жағармай материалдарын, минералдық тыңайтқыштарды, химия өнеркәсібі тауарларын жеткізуді арттыруға дайын», – деп мәлімдеген министр.

Ал Барадар Кабул мен Астананың өзара серіктестікті кеңейтудегі әлеуетін жоғары бағалап, екі елдің бірлесіп инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру бойынша серіктестікті нығайтатынына сенім білдерген. Кабул ынтымақтастық аясында Ауғанстанда инфрақұрылымды жетілдіріп, жаңа жұмыс орындарын құруды жоспарлап отыр.

Тургунди-Герат бағыты

Бұдан бөлек ауған өнімдерін қазақстандық нарыққа жеткізу мәселесі де талқыланған. Ауғанстан тауарларын Түрікменстан аумағы және Тургунди шекаралық қаласы арқылы Қазақстанның батыс өңірлеріне жеткізу жоспарланып отыр. Осылайша қазақстандық тұтынушыларға маусымаралық кезеңде жаңа өнім жеткізліп тұрады. Ал ауған фермерлері ірі нарыққа шыға алады.

Кездесу барысында жоғарыда айтылған мақсаттарға жету үшін тараптар Трансауған бағытында көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға келіскен. Қазақстан «Тургунди-Герат» теміржолынының құрылысына инвестиция салуға ниетті екенін жеткізген.

«Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстанның Көлік министрлігі мен Ауғанстанның Қоғамдық жұмыстар министрлігі арасында Орталық Азия мен Оңтүстік Азия арасындағы теміржолды салу және пайдалану бойынша негізгі қағидаттар туралы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды», – делінген баспасөз хабарламасында.

Ауған студенттеріне арналған білім квотасы

Бұдан бөлек Қазақстан тарапы Ауғанстанда азық-түлік қауіпсіздігін арттыру, медициналық қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету сынды гуманитарлық бағдарламаларды одан әрі кеңейте түсуге дайын екенін жеткізген. Яғни еліміз Ауғанстан халқы үшін білім алу мүмкіндіктерін кеңейтәп, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты жандандырмақшы. Бұл мақсатта Қазақстан ауған студенттеріне бөлінетін білім беру квотасын екі есеге арттырмақшы.

Айта кетейік, Қазақстан сонымен бірге Ауғанстанның кен орындарына барлау жүргізеді.

Сондай-ақ оқыңыз