Банк пен қаржы

«Астана» қаржы орталығының құқықтық өкілеттігі қайта қаралады

Фото: ашық дереккөзден

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов «Астана» қаржы орталығына (АХҚО) қатысты дауға жауап береді. Оның сөзінше, үкімет қазір халықаралық қаржы орталығының құқықтық өкілеттігін қайта қарамақшы.

Ұлттық банк төрағасының түсіндіруінше, билік юрисдикциясының, яғни ағылшын құқығына негізделген жұмыс тәртібінің, Қазақстанның жалпы заңдық жүйесімен өзара әрекеттесуін қайта қарауды көздейді. Нақты айтқанда салық салу, капиталды шетелге шығару және қаржылық тұрақтылық мәселелері тағы бір талқылаудан өтеді.

«Біздің ойымызша, АХҚО-ның басқару органдары, мысалы Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті, және біздің агенттік (ҚНРДА), Қаржы министрлігі арасында жедел өзара іс-қимылды күшейту қажет. Яғни, бұл жерде АХҚО мен Қазақстан Республикасының юрисдикциясының өзара байланысына кешенді түрде қарау керек. Осы байланыстардың бір бөлігі ретінде KASE мен AIX биржаларының өзара әрекеттесуін де қарастырамыз, бірақ біз бұл мәселені одан да кең ауқымда зерттегіміз келеді», – деді Сүлейменов.

Биліктің мақсаты ешқашан биржаларды біріктіру болмаған деп атап өтті ол. Тек олардың потенциалын біріктіру, өзара толықтырып, бәсекелес болмауын көздеген.

«Біз бұл жұмысты пысықтап, қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңеске үшінші тоқсанда, шамамен қыркүйекте шығарамыз. Яғни, кем дегенде үш орган, Үкімет, АХҚО және біз – бұл мәселені ішкі форматта талқылаймыз. Содан кейін қабылданған шешімдерді сарапшылар мен журналистік қауымдастыққа жеткіземіз», – деп қосты Сүлейменов.

Бұған дейін ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин «Астана» қаржы орталығы кейбір компаниялар үшін оффшорға айналып кетті деген еді. Кейін Сүлейменов орталық оффшор емес, инвестиция тарту үшін құрылды деп атап өтті.