Жаңалықтар

Қазақстан мен Қытай цифрлық серіктестік орнатты: алғашқы жоба – дата-орталық

Фото: shutterstock

Тяньцзинь қаласында өткен форумда Akashi қазақстандық компаниясы мен Қытайдың China Mobile телекоммуникациялық компаниясы ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойды

Құжатқа сәйкес, тараптар деректерді өңдеу орталықтарына арналған зияткерлік инфрақұрылым, жасанды интеллект (AI) индустриясын дамыту, сондай-ақ Қазақстанда есептеу қуаты желісін құру бағытында бірлесіп жұмыс істейді.

«Бұл – China Mobile-дың Қазақстандағы алғашқы жобасы. Бұл жоба өңірдің жаһандық цифрлық экономикадағы рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді. Қазақстанның Орталық Азиядағы цифрлық хаб ретіндегі орнын нығайтып, инновациялар мен экономикалық өсім үшін жаңа мүмкіндіктер ашады», – деп мәлімдеді Akashi Data Center компаниясы.

Akashi Data Center – Қазақстандағы ең ірі деректерді өңдеу орталығы жобасы. Ол елдің жалпы есептеу қуатын екі есе арттыруды және мықты цифрлық инфрақұрылым қалыптастыруды көздейді.

2025 жылдың 17 маусымында Астанада Орталық Азиядағы алғашқы Tier IV деңгейіндегі дата-орталықтың құрылысы басталған. Жобаны 2026 жылдың бірінші тоқсанында іске қосу жоспарланып отыр. Бұл елдегі есептеу ресурстары тапшылығын шешіп, ірі халықаралық IT-компанияларды тартуға сеп болады және Қазақстан экономикасының өсуіне серпін береді.

China Mobile – әлемдегі ең ірі ұялы байланыс операторы. 2024 жылы компанияның таза табысы 18 млрд долларды құрады.