Alatau City Bank енді Вячеслав Кимнің иелігінде

Жарияланды 11 Шілде 2025 12:44

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

Business News бөлімінің тілшісі a.abitay@kursiv.media
Фото: коллаж Kursiv Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Вячеслав Ким «Alatau City Bank» АҚ-ның (бұрынғы «First Heartland Jusan Bank» ) 100% акциясын сатып алу бойынша мәмілені толық аяқтады. Үлесті банктің бұрынғы меншік иесі Ғалымжан Есеновтен сатып алған еді.

«2023 жылдың ортасынан бастап Jusan Bank-ті өз бақылауыма алдым: командамыз қаржы институты қызметінінің тиімділігін арттыру, көптеген бизнес-үдерістерді жақсарту, өнім желісін жаңғырту және активтердің сапасын арттыру жолында табысты жұмыс атқарды. Сол кезеңде біз күшімізді Банктің тұрақты өсуіне және технологиялық тұрғыдан ілгері басуына жұмсадық. Ким мырзаның келуімен «Alatau City Bank»-тің бұл жағымды өзгерістерді әрі қарай дамытып, Қазақстандағы жетекші банктердің бірі ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайтатынына күмәнім жоқ», – деді мәміле жайлы Ғалымжан Есенов.

Ал қаржы ұйымын сатып алған Вячеслав Ким «Қазақстан нарығы үшін жаңа қаржы институтын құруды жоспарлаймын» деп атап өтті.

«Alatau City Bank-ті сатып алу мен үшін аса маңызды, мен оның негізінде Қазақстан нарығы үшін жаңа қаржы институтын құруды жоспарлаймын. Банк менеджментіне соңғы екі жылда атқарылған жұмыс үшін үлкен алғысымды білдіремін. Ең үздік жұмыс нәтижелерін сақтап, жылдамдатылған технологиялық дамуға ерекше көңіл бөлсек, табысқа қол жеткіземіз деп сенемін», – деді ол сөзінде.

 «Alatau City Bank» – бұрынғы First Heartland Jusan Bank деген атпен белгілі қаржы ұйымы. 16 маусымда банк ребрендинг жасап, ресми түрде атауын өзгертті. Ал 4 шілдеде жаңа атаумен қайта лицензия алды. Мұның барлығы Ким банкті сатып алады деген жаңалықтың аясында болып жатты.

Alatau City Bank – Қазақстандағы активтер көлемі тұрғысынан елдің топ-6 банктеріне кіреді, ал меншікті капиталдың көлемі бойынша 3-орынға ие.

Вячеслав Ким – елдегі ең бай әрі ықпалы кәсіпкерлердің бірі. Кaspi.kz-тің финтех компаниясының негізін қалаушылардың бірі әрі директорлар кеңесінің төрағасы. Forbes Kazakhstan бағалауынша, Кимнің байлығы 7,1 млрд долларға тең.

Сондай-ақ оқыңыз