Банк пен қаржы

Биткоин құны алғаш рет 116 мың доллардан асты

Биткоин 116 мың доллардан асып, тарихи жетістікке жетті / фото: Reuters
Биткоин 116 мың доллардан асып, тарихи жетістікке жетті / фото: Reuters

Астана уақытымен сағат 08:15-те биткоин шамамен 116,5 мың доллардан саудаланып жатыр. Осылайша BTC екі күн қатарынан тарихи жетістікті жаңартты.

Бір күн бұрын биткоин бағасы 112 мың долларға жетіп, рекорд орнатқан. Енді ол бұдан да биік межелерді бағындыра алатынын бүгін тағы дәлелдеді. Бұған дейін сарапшылар шілде айында Bitcoin құны көтеріледі деп болжаған.

Дәл қазір биткоинның нарықтағы құны 2,317 трлн доллар тұрады. Бағам көтерілген сайын оның капиталы да арта бермек.

Bitcoin тарихы 2008 жылдан бастау алады. Сол жылы әлем қаржы дағдарысынан ес жия алмай жатқанда, Сатоши Накамото деген бүркеншік атпен танылған адам (немесе адамдар тобы) биткоин жүйесін сипаттайтын ғылыми мақаласын жариялады. 2009 жылы алғашқы биткоин транзакциясы өтіп, желі жұмысын бастады. Ол кезде бір биткоиннің бағасы небәрі 1 центке де жетпейтін еді. Бірақ арада он шақты жыл өтпей жатып, биткоин миллиондаған адамның назарын аудартты.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы мамырдың аяғында биткоин құны 111 мың доллардан асқан еді. Себебі сол уақытта АҚШ сенатына стейблкоиндерді реттеу жөніндегі заң жобасы түскен.

Ал 2025 жылғы наурызда Трамп стратегиялық криптовалюта резервін құру керек деп мәлімдеген. Крипто саласындағы ірі компаниялардың дені кезінде АҚШ президентінің сайлауда екінші мәрте жеңіске жетуіне көмектескен. Оның үстіне, Құрама Штаттарда криптовалюта жөніндегі алғашқы саммит биыл 7 наурызда Ақ үйде өткен.