
Алдағы демалыс күндерге арналған валюта бағамы анықталды. Қазақстан қор биржасының (KASE) мәліметінше, қазір 1 АҚШ доллары 520,93 теңге тұрады. Ұлттық валюта бірден 2,59 теңгеге арзандаса, криптовалюта құны артып жатыр.
Ұлттық валюта күрт әлсіреді
Апта бойы нығайған теңге бүгін долларға жол берді. Құрама Штаттар валютасы бір тәулікте 2,59 теңгеге көтерілді. Ұлттық валютаның долларға шаққандағы бағамы жарты ай бойы 518-520 теңге аралығында сақталып тұрған. Бір ай бұрын доллар 508 теңгеден саудаланған. Содан бері доллар 12 теңгеге күшейгеді.
Kurs.kz сайтының мәліметінше, Алматы қаласындағы ақша айырбастау мекемелерінде бір доллар 521 теңгеден қабылданып, 523 теңгеден сатылып жатыр. Астана қаласындағы валюта саудасы – 519 және 525 теңге.
Криптовалюта қымбаттаған күн
Жұма, 11 шілдеде Bitcoin (BTC) 118 мың доллар межені бағындырып, тағы да жаңа рекорд тіркеді. Қазір BTC шамамен 118,2 мың доллардан саудаланып жатыр. Биткоин екі күннен бері жаңа межені бағындырып келеді.
Биткоин капиталы – 2,350 трлн доллар. Оның нарықтағы құны да екі тәуліктен бері айтарлықтай өскенін байқап отырмыз.
Бұған дейін мамандар осы айда биткоин 115-118 мың долларға дейін көтерілуі мүмкін деп болжаған. Сарапшылардың айтқаны орындалды.
BTC ғана емес, жұма күні басқа да криптовалюта көтерілді. Мәселен, Ethereum (ETH) бағамы шамамен 8%-ға өсіп, 3 мың доллардан асып түсті. Екі тәулік бұрын ETH шамамен 2 591 доллар тұрған. Содан бері Эфириум 400 долларға көтерілгенін көріп отырмыз. Эфириум капиталы – 362 млрд доллардан асты. Капитал екі тәулікте 40 млрд долларға өсті.
Binance Coin (BNB) токенінің құны да бір тәулікте 2,7%-ға артып, 20 долларға қымбаттады. Ол қазір шамамен 690 доллар тұрады. Айта кетейік, Бинанс Коин тәулік басында 693 доллар межені бағындырған. BNB-дің нарықтағы құны – шамамен 96 млрд доллар.