Банк пен қаржы

Ұлттық банк төрағасы: елге қайтарылған активтер арасында криптовалюта көп

Қазақстан криптовалюта қорын құру мәселесінде түпкілікті шешім қабылдауға асықпайды / фото: shutterstock
Қазақстан криптовалюта қорын құру мәселесінде түпкілікті шешім қабылдауға асықпайды / фото: shutterstock

Қазақстанда криптовалюта қоры құрылар болса, елге қайтарылған криптоактивтер соған қосылады. ҚР Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің мәлімдеуінше, мұндай қор мәселесі әлі пысықталып жатыр. Үкімет түпкілікті шешім қабылдауға асықпайды.

Қадағалаушы мекеме басшысының айтуынша, елге қайтарылған ақшалардың арасында криптовалюта активі аз емес. Оларды болашақта бір жерде сақтау қажет болады.

«Бұл мәселе әлі пысықталып жатыр. Бірінші кезекте біз активтерді қайтару аясында кривтоактивтерде қайтып жатыр. Оларды сақтайтын орын керек. Америкалық крипторезервті мысалға алар болсақ, оның басым бөлігі тәркіленген крипто есебінен құралған», – дейді Сүлейменов.

Төраға елге нақты қанша көлемде криптоактив оралғанын айтпады. Оның пікірінше, қайтарылған криптоны қарапайым әмиянда сақтай алмайсың. Ол үшін елде сақтау инфрақұрылымын құру қажет болады.

ҚР ҰБ төрағасы Тимур Сүлейменов / фото: ҰБ баспасөз қызметі
ҚР ҰБ төрағасы Тимур Сүлейменов / фото: ҰБ баспасөз қызметі

Әзірге криптонарыққа инвестиция салумен ҰБ айналысып жүр. Ал ұлттық криптоқор құрылар болса, онда ең әуелі қауіпсіздік мақсатында ел аумағында орналасуы тиіс деп есептейді топ-менеджер.

«Өте күрделі мәселе. Құру-құрмауға қатысты әлі түпкілікті шешім қабылдаған жоқпыз. Біз оны өз бетімізбен қабылдай алмаймыз. Үкіметпен ақылдасу қажет», – деп жауап берді Сүлейменов.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда криптовалюта айырбастау платформалары пайда болатыны жарияланған. Елдегі банктер криптовалютамен төлем жасауға арналған арнайы төлем карталарын шығаруға кіріскен. Республикадағы бес банктен криптовалютаға байланған жаңа төлем құралы – криптокарта ашуға болады.

Жұма, 11 шілдеде биткоин құны алғаш рет 118 мың доллардан асты. Осылайша BTC екі күн қатарынан тарихи жетістікті жаңартты. Нарықтағы басқа да криптовалюта бағамы көтеріліп жатыр. Мәселен, Эфириум бір тәулікте 8%-ға қымбаттап, 3020 долларға дейін жетті. Бұған дейін сарапшылар 2025 жылғы шілде айында крипто құны көтеріледі деп болжаған.

АҚШ президенті Дональд Трамп крипторезерв құру туралы шешімді жыл басында қабылдаған. Оған бес түрлі крипто кірген. Бұған дейін Kursiv.Media Трамп қолдаған токендер артында кімдер тұрғаны туралы жазған.