
ҚР Ұлттық банкі (ҰБ) кеңсе техникасы мен жеке компьютерлерді жаңартуға миллиардтаған қаражат бөледі. Қымбат тапсырыстар сатып алу порталында жарияланды. Қадағалаушы мекеме осындай шығынға шамамен 3-4 млрд теңге жұмсап отыр.
Екі мың компьютер мен ноутбук
Атап айтқанда, Ұлттық банк шілде айында 874 дана стационар компьютерді шамамен 900 млн теңгеге тапсырыс берді. Диагоналі 24 дюймдік мониторы бар стационарлық компьютердің бір данасының құны 1 млн теңгеден асады. Бұған қоса, ҰБ қос мониторлы стационар компьютерлерге тағы 264 млн теңге жұмсайды.
Қадағалаушы мекеме сатып алғалы жатқан ноутбуктердің жалпы құны 1 млрд теңгеден асып кетті. Диагоналі 27 дюймдік мониторы бар 370 ноутбукке 486 млн теңге бөлінеді. Олардың әрқайсысы 1,3 млн тұрады. Ал диагоналі 24 дюймдік екі мониторы бар 348 ноутбук 544 млн теңгеге сатып алынады. Оның бір данасы 1,5 млн тұрады.
Сонымен бірге Ұлттық банк 50 ТБ сақтау сыйымдылығы бар аналитикалық деректер қоймасына арналған лицензиялы бағдарламасына тапсырыс берді. Ол 894 млн теңге тұрады.
Сатып алу порталында бұдан басқа да қымбат лоттар жарияланды. Бәрін қоса есептегенде, ҰБ кеңсе техникасы мен жеке компьютерлерді жаңалауға шамамен 3-4 млрд теңге жұмсап отыр.
Ұлттық банк жауабы
Kursiv.Media шілде айында шығынның неге көбейіп кеткенін білмек болып, ҰБ-ға сауал жолдады. Қадағалаушы мекеме кеңсе техникасын жаңалап жатқанын растады.
«2025 жылы Ұлттық банк технологияның дамуына, өнімділікке, киберқорғаныс жүйелері мен өңделетін дерек көлемінің өсуіне байланысты қазіргі ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сай болу үшін техникалар мен жеке компьютерлерді рет-ретімен жаңалауды жоспарлап отыр», – деп түсіндірді Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
Бұған қоса, ҰБ кеңсе техникасын жаңалауға нақты қанша қаражат жұмсалатыны ашық тендер нәтижесінде анықталатынын атап өтті.
«Қазір жеткізушілерден өтінім қабылдау жүріп жатыр, бұл – жеткізушілерді іріктеу кезеңі. Компьютерлік жабдыққа арналған техникалық сипаттамалар толық жинақ, периферия құрылғылары, док-станциялар, операциялық жүйе лицензиясының құны және тағы да басқа параметрлерді ескере отырып жасалды. Нақты бағасы ашық тендердің нәтижесінде анықталады».
Қадағалаушы мекеме мыңдаған компьютер мен ноутбук сатып алған соң, ескі техниканы не істейді? ҰБ жауап берді:
«Тағы да айта кету керек мәселе – ҰБ техникаларды әлеуметтік мекемелерге ақысыз беру тәжірибесін қолданады. Жоспарлы жаңарту аясында да осы тәсіл қолданылады».
Айта кетейік, 11 шілдеде Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтеру, түсіру немесе сол күйі қалдыру туралы шешімін жариялайды.