Жаңалықтар

Бай-бағландар қайтарған қымбат 5 сағат

Небәрі бес қол сағаттың жалпы құны 220 млн теңгеге жуықтайды / Фото: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

 «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» қалталы Қазақстан азаматтарының мемлекет меншігіне қайтарып берген ең қымбат аксесуарларын аукционға шығарды. Олардың арасында құны 150 миллионнан кем тұрмайтын әлемдік бренд сағаттар да бар. Kursiv.media тілшісі компания балансындағы топ-5 бренд аксессуарға шолу жасап көрді.

Құны 214 млн болатын қол сағаттың қазіргі құны 150,1 млн теңге

 «Ulysse Nardin classico 789-80» қол сағаты шектеулі данамен шығады. Мұндай аксессуардың әлемде 30 данасы ғана бар. Циферблаты авантюрин мен 18 карат алтыннан жасалған мүсіншелермен безендірілген. Айта кету керек, мүсіншелер қолөнер туындысы. Сағат корпусы платинадан, ал бауы аллигатор былғарысынан жасалған. Аксессуар несімен ерекшеленеді дегенге тоқталсақ, жакемар қимылдары шайқас дыбысымен үндеседі. Корпустың диаметрі 42 мм. Аталған қол сағаты өткен жылдан бері сатылмай тұр. Бастапқыда мұның бағасы 214 млн теңге деп бағаланған болатын.

Фото: e-auction.e-qazyna.kz

2 бөлмелі пәтер бағасына тең қол сағат…

Компания балансындағы «Frank Muller Geneve» маркалары сағаттың да бағасы арзан емес. Қарапайым азаматтардың қалтасы көтере алмасы сөзсіз. Әу баста 30 миллионға жуықтаған еді, қазір 20,4 млн теңгеге дейін түскен. Бұл бренд те өткен жылдан бері аукцион саудасына шығарылып келеді. Алайда әзірге сатып алатын иесі болмай тұр. Бағасын салыстырмалы түрде алсақ, Астанадағы 2 бөлмелі пәтер бағасына пара-пар. Сипаттамасындағы мәліметке сенсек, сағат 18 караттық қызғылт алтыннан жасалған, корпусы сапфир әйнегімен қапталған. Циферблаты рубиндермен, сапфирлермен және цавориттермен безендірілген, сағат тілі рубиннен жасалған.

Фото: e-auction.e-qazyna.kz

 «Ulysse Nardin Archive Freak Cruiser» маркалы қол сағаты да әлі иесін таппады. Қазір оның құны 9 миллионға арзандаған. Бүгінде оның бағасы 20,3 миллонды құрап отыр. Қол сағаттың корпусы 18 каратты алтынмен көмкерілген. Бауының өзі аллигатор былғарысынан тігілген.

Фото: e-auction.e-qazyna.kz

Patek Philippe» World Time Complicated Chronograph маркалы қымбат аксессуар да компания балансында тұр. Аукционға шығарылған құны 16,1 млн теңгенің төңірегінде. Сағат корпусы 18 караттық ақ алтынмен көмкерілген, артқы қақпағы сапфир шынысымен қапталған. Әу баста бұл бренд сағаттың құны 23 млн болған, алайда әлі сатып алушы табылмағандықтан, құны 7 миллионға арзандады.

Фото: e-auction.e-qazyna.kz

Үздік бестікті «Breguet 3099 BE» маркалы қол сағат түйіндейді.  Бағасы 10,7 млн теңгенің  шамасында. Корпусы 18 караттық ақ алтыннан жасалған және бриолет гауһар тастармен безендірілген.

Фото: e-auction.e-qazyna.kz

Мемлекет меншігіне қайтқан небәрі бес қол сағаттың жалпы құны 220 млн теңгеге жуықтайды. Айта кетейік, аукцион 31 шілдеде ағылшын әдісімен өтеді, яғни бағаның өсуімен жүзеге асады. 

Еске салайық, осыған дейін олигархтардан қайтқан аса бағалы әшекей бұйымдарға шолу жасаған едік. Электронды сауда алаңында жарияланған алқалардың арасында әлемдік элиталық брендтер де бар. Толығырақ осы сілтемеге өтіп оқи аласыз.