Жаңалықтар

Оралда әкімдік қызметкері 34 млн теңгесін құмар ойындарға салып жіберген

ставки, азартные игры, Уральск
Фото: ашық дереккөзден

OLIMPBET компаниясының мәліметінше, Орал қаласы әкімдігінің бір қызметкері тапқан қаражатын букмекерлік ойындарға тіккен. Ол 2021 жылдан 2025 жылға дейін құмар ойындар үшін шотына 34 млн теңгеден астам ақша салды

2024 жылы 9 қыркүйекте мемлекеттік қызметкерлерге құмар ойын ойнауға тыйым салынған жаңа заң күшіне енді. Бірақ бұл қызметкер бәс тігуді жалғастырған. Ол осы күннен кейін тағы 1,7 млн теңге салған. Оның 971 мың теңгесін ұтылып қалған.

Орал қаласының прокуратурасы мемлекеттік қызметкерлер арасында аталған заңның сақталуын тексерді. Тексеру кезінде тек әкімдікте ғана емес, Мемлекеттік кірістер басқармасы мен БҚО Полиция департаментінде де заң бұзушылықтар анықталды. Кейбір қызметкерлер букмекерлік кеңселер арқылы құмар ойындарға қатысып жүрген.

Тексеру нәтижесінде прокуратура аталған мекемелерге шара қолдануды тапсырды. 24 қызметкер тәртіптік жазаға тартылды. 16 адам қызметінен босатылды. Оның ішінде бәс тіккен әкімдік қызметкері де бар. Ол құмар ойын үшін жұмысынан айырылды.

Қаржы министрлігінің ресми мәліметіне сенсек, елімізде  лицензия алып, тіркелген 13 букмекерлік кеңсе бар. Ал заңсыз көлеңкеде істейтін операторлар саны 4000-ға жетеді