Шетелдік саяхатшыдан алматылық полицейлер 1,5 млн теңге талап еткен

Қазақстанға алғаш келген саяхатшы алматылық полицейлер алдап соқпақшы болып, пара сұрады деп айыптады. Оның сөзінше, құзырлы орган өкілдері оның құжаттары дұрыс болғанына қарамастан, көлігін бірнеше рет тоқтатқан.
Валерия есімді бойжеткен видеоны өзінің инстаграм парақшасына жариялады. Достарымен бірге Ыстықкөлге бару үшін Қазақстан аумағын кесіп өткен. Бірақ саяхатқа шығар алдында олар барынша ұқыпты дайындалған.
«Біз сақтандыру сатып алдық, көліктің шамдарын ауыстырдық. Бірақ бізді ақшаға алдап соғуға тырысады деп күтпедік», – дейді ол.
Полицейлері Валерияның достарын алкоголь ішкен-ішпегеніне тексеріп, бірінің қанынан «0,17 промилле ішімдік» тапқан. Бірақ ол мүлде ішпеген еді дейді саяхатшы бойжеткен. Осыдан кейін полицейлер «мәселені» шешу үшін 1,5 млн теңге сұрайды. Валерия сақтандыру бар екенін айтып, болған жағдайдың бәрін камераға түсіре бастағаннан кейін полицейлер жолаушыларды жөніне жібереді.
Kursiv Media осы мәселеге қатысты Алматы облысы Полиция департаментіне сауал жіберді. Бірақ әзірге ресми жауап келмеді.
Саяхаттағы үлкен тәуекелдің бірі – алаяқтық. Оқырмандарымыздың ақшасын сақтау үшін саяхатта көп кездесетін алаяқтық түрлерін және одан қалай қорғану керегін жазып шықтық. Толығырақ мына жерден оқуға болады