
Air India ұшағының апатқа ұшырауына техникалық мәселе себеп болған. Үндістан үкіметі жариялаған алдын ала есепке сүйенсек, бір мезгілде отын беру тетіктері (тумблерлер) қатар іске қосылып, ұшақтар шатасып қалған деп жазады ВВС.
«Үндістан билігі Air India әуе компаниясына тиесілі Boeing 787 Dreamliner ұшағының апатына қатысты алдын ала тергеу қорытындыларын жариялады. Бұл ұшақ Ахмедабад қаласынан Лондонға ұшып шыққан еді, бірақ ұшып шыққаннан көп уақыт өтпей апатқа ұшырады. Есепте ұшақтың бірден тартылыс күшін жоғалтып, төмендей бастағаны айтылған. Ұшқыштар қозғалтқыштарға отын беретін тумблерлердің өшіп қалғаны туралы хабарлаған. BBC тілшісі Тео Леггеттің хабарлауынша, тергеу жұмыстары экипаждың әрекеттеріне бағытталған», – деп жазады басылым материалында.
Үндістанның Әуе апаттарын тергеу бюросының дерегінше, әуе көлігі ұшып шыққаннан кейін көп ұзамай қозғалтқыштарға отын беруді басқаратын екі тумблер де «жұмыс» («run») режимінен «сөндіру» («cut-off») күйіне ауысып кеткен.
«Әдетте бұл тумблерлер ұшақ жерде тұрғанда қозғалтқышты іске қосу немесе тоқтату үшін қолданылады. Ал бұл жолы қозғалтқыштарға отын беру тоқтатылғандықтан, олар тартылыс күшін жоғалтқан. Ұшақ жерден көтерілгеннен кейін бірден тартылыс күшінен айырылғанын видеобақылау камералары да көрсетті», – деп жазылған есепте.
Есеп авторларының айтуынша, ұшқыштар арасындағы соңғы әңгімелер жазбасында бір пилот екіншісінен: «Неге сен cut-off-ты бастың?» деп сұрайды. Ал екінші ұшқыш “мен басқан жоқпын» деп жауап қатқаны таспаланған.
Әзірге тергеу әлі жалғасып жатыр.
Еске салайық, Үндістанда Air India әуе компаниясына тиесілі ұшақ апатқа ұшырап, 279 адам қайтыс болды. Boeing 787-8 Dreamliner ұшағы Ахмедабад-Лондон бағытындағы AI171 рейсімен көтерілгеніне шамамен бір минут өткенде 190 метр биіктіктен құлап, жатақхана ғимаратына соғылды