Алаяқтар АҚШ мемлекеттік хатшысының даусымен бірнеше шендіге хабарласқан

Алаяқтар жасанды интеллект көмегімен АҚШ-тың бір топ жоғары лауазымды саясаткерлеріне мемлекеттік хатшы Марко Рубионың даусымен қоңырау шалған, деп жазады Euronews.com.
Washington Post басылымының хабарлауынша, алаяқ Signal шифрланған қосымшасы арқылы Рубионың атынан АҚШ Конгресі мүшесімен, бірқатар губернатормен және үш сыртқы істер министрімен байланысқа шыққан.
АҚШ билігі бұл әрекеттің артында кім тұрғанын нақты білмейді, бірақ олардың ойынша, алаяқ ықпалды шенеуніктерді алдап, қандай да бір ақпаратқа немесе жүйеге қол жеткізуді мақсат еткен.
Алаяқтар ЖИ-ді қалай пайдаланады
Алаяқтықтың жаңа түрі – дауыс клонын қолдану деп аталады. Бұл туралы Австралиядағы Чарльз Стерт университетінің сарапшылары мәлімдеді.
Мұндай тәсілде алаяқтарға үш секундтық дауыс үлгісі жеткілікті. Олар адамның дауысын көшіріп, туыстары мен достарын алдап, ақша сұрауы мүмкін. Бұл дауыс үлгілері TikTok сияқты әлеуметтік желілердегі қысқа видеолардан алынуы ықтимал.
Жасанды интеллект сөйлеу мәнері, екпін мен тыныс алу үлгісін ескеріп, шынайыға өте жақын дауыс көшірмесін жасай алады. Сол арқылы дайыындалған мәтінді сенімді түрде оқиды.
FBI бұл әрекеттерді «смишинг» және «вишинг» деп атайды, өйткені алаяқтар көбінесе фишингке ұқсас сілтемелер жіберіп, адамды басқа платформаға көшуге итермелейді.
Алаяқтықтан қалай қорғануға болады
Рочестер университетінің киберқауіпсіздік сарапшылары Мэттью Райт пен Кристофер Шварц төмендегідей кеңестер ұсынады:
1. Күтпеген қоңыраулардан сақ болыңыз. Тіпті таныс адамның атынан болса да, сенбеңіз. SMS немесе e-mail арқылы қоңыраулатып тұрған шын адам ба, жоқ па соны анықтауға тырысыңыз.
2. Нөмір анықтағышқа (caller ID) толық сенбеңіз. Алаяқтар нөмірді де қолдан жасап қоңырау шала алады.
3. Бейтаныс нөмірлерден келген дауыстық хабарламалардан сақ болыңыз. FBI қоңырау шалушының нөмірін тексеріп, нақты танысыңыз болса, сол нөмірге қайта қоңырау шалуға кеңес береді.
4. Сілтемелер мен e-mail адреске мұқият болыңыз. FBI кішкентай өзгешеліктерге назар аударуға шақырады: e-mail-дағы әріп айырмашылығы, жалған фотолар және т.б.
5. Жақындарыңызбен жасырын «құпия сөз» немесе код ойлап табыңыз. Сол арқылы сөйлесіп тұрған адамның шынайылығын анықтауға болады.
6. Жеке мәліметтерді онлайн жарияламаңыз. Мысалы: туу күні, телефон нөмірі т.б. Бұл деректер дауыс клонынан кейін қосымша дәлел ретінде қолданылады.
7. Эмоциялық реакцияға берілмеңіз. Алаяқтар қорқыныш, сенім, ашу сияқты эмоцияларыңызды пайдаланады. Егер хабарлама мазасыздық туғызса, аптықпай, асықпай ойланыңыз.
Бұған дейін, Алматының полиция департаменті «қазақша сөйлей алатын» алаяқтардан қорғану жолдары туралы айтқан.