Жаңалықтар

Балқашта қонақүйлер салынып, әуежай жөнделіп жатыр

Балқашта қонақ үйлер салынып, әуежай жөнделіп жатыр
Балқашта қонақүйлер салынып, әуежай жөнделіп жатыр/Фото: Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайты

Қарағанды облысының әкімдігі өңірдегі туристік маршруттар желісін кеңейту, Балқаш курорттық аймағы мен Қарқаралы ауданын дамыту жоспары туралы хабарлады.

Балқаштағы жұмыстар

Әкімдік Балқашта жағалауды абаттандыру, қала жағажайын жаңғырту және қонақтарды орналастыруға арналған жаңа нысандар құру бойынша жобалар іске асырылып жатқанын айтады. Қалаішілік су құбыры желілерін ауқымды қайта жаңарту жүріп жатыр.

Бұдан басқа, Тораңғалық және Шұбартүбек туристік ауылдарын орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету үшін ұзындығы 28 шақырымнан асатын Балқаш – Торанғалық магистральды суағары салынуда.

Әкімдік ақпаратына сай, соңғы жылдары Балқашта қонақүй кешендері салынып жатыр. 2025 жылдың басынан бастап екі демалыс аймағы мен бір қонақүй пайдалануға берілген, жыл соңына дейін тағы үш туристік нысанның құрылысы аяқталады.

– Қазір біз 3 және 4 жұлдыз санаттағы нысандарды ашқан кәсіпкерлерге белсенді қолдау көрсетіп, Қонақжайлылық мектебі аясында қызметкерлерді оқытуды жоспарлап отырмыз. Инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде, – дейді Балқаш әкімінің орынбасары Руслан Сыздықов.

Одан бөлек Балқашта теміржол вокзалы мен әуежайды жөндеу жалғасуда. Бұл жолаушылар ағынын 30%-ға ұлғайтып, жаңа бағыттарды ашуға мүмкіндік береді деп күтіліп отыр. Алматы – Екатеринбург тас жолында орналасқан Бектау-Ата-Балқаш учаскесінде дәмхана, супермаркет, ТҚС, ЖҚС және жол бойындағы басқа да қызмет көрсету нысандарының құрылысына учаскелер бөлінген.

Биыл Балқашқа 160 мыңнан астам қонақ келеді деп күтіліп отыр.

Қарқаралы бағыты

Тағы бір туристік бағыт – Қарқаралы ауданы. Мұнда Қарағанды – Қарқаралы жолын қайта жаңарту жұмыстары жүзеге асып жатыр, «Бұғылы» туристік аймағы абаттандырылып, мәдени мұра нысандары қалпына келтірілуде, ұлттық паркте жаңа бағыттар мен туристік учаскелер құрылуда.

– Біздің мақсатымыз – туристер үшін де, бизнес үшін де тартымды орта құру. Шілде айының соңында шетелден келген қонақтардың қатысуымен ауқымды QARQARALY BUGYLY FEST – 2025 фестивалі өтеді. Бұл өңірді әлеуетті туристік бағыт ретінде танытудың жақсы мүмкіндігі, – деп есептейді Қарқаралы ауданының әкімі Әділжан Арғынов.

Әкімдік облыста цифрлық қызметтер де кеңейтіліп жатқанын хабарлады. Атап айтқанда, жасанды интеллектісі бар чат-бот енгізілген, visitqaraganda.kz порталы жұмыс істейді, қонақ үйлерді онлайн-брондау жүйесі іске қосылған. Танымал бағыттарда ақпараттық ресурстарға шығатын QR-кодтар орналастырылады.

Биыл Қарағанды облысы 500 мыңға дейін турист қабылдауды жоспарлап отыр, бұл өткен жылмен салыстырғанда үштен бір есеге көп.

Бұған дейін, Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев Жетісу облысындағы басты туристік бағыттардың бірі саналатын Алакөл көлі жағалауы инфрақұрылымының қазіргі жағдайымен танысқанын хабарлағанбыз.