Экстремистік ұйымдар қазақстандықтарды радикалды идеологияға тартуын тоқтатар емес

Кейбір азаматтар деструктивті үгіт-насихаттың ықпалына түсіп, терроризм мен діни экстремизм идеологиясына бейім болды. Бұл туралы ҰҚК басшысы Ермек Сағымбаев ҚазАқпарт агенттігіне берген сұхбатында айтты.
Оның сөзінше, әдетте бұндай идеология шетелдік ықпал саналады, көбі интернет арқылы жүзеге асады.
«Ұлттық қауіпсіздік комитеті үшін терроризммен күрес және елде террористік немесе басқа да күш қолдану актілеріне жол бермеу – басым бағыттың бірі. Мысалы, биыл Ақтөбе, Атырау облысы мен Шымкент қаласында терроризмді насихаттағаны, террористік қызметке адам тартқаны және атыс қаруын заңсыз сақтағаны үшін бірқатар азаматтар сот үкімімен кінәлі деп танылып, түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды», – деді ол комитеттің аталған бағыттағы жұмысы туралы.
Сотталғандар айналасындағы адамдарды шетелде террористер жағында соғыс қимылдарына қатысуға және діни себеппен күш қолдануға үгіттеген. Өздерінің радикалды көзқарастарын интернеттегі экстремистік материалдарды зерттеу арқылы нығайтып отырған.
Ермек Сағымбаевтың сөзінше, радикалды идеялардың алдын алу кең ауқымды ведомствоаралық үйлестіруді талап етеді. Осыған байланысты ҰҚК уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, терроризм идеологиясына қарсы күрес бойынша кешенді шаралар іске асырады.
Жыл басынан бері 400-ден астам оқу-жаттығу мен терроризмге қарсы дайындықтар ұйымдастырылған. 95 мыңнан астам стратегиялық нысан қызметкерлеріне теракт болған жағдайда қалай әрекет ету керегі жөнінде тренингтер өткізілген. Маусым айында Қостанай облысында республикалық «Найза-Антитеррор-2025» оқу-жаттығуының қорытынды кезеңі өткен. Онда терроризмге қарсы күрестегі мемлекеттік органдардың «гибридті» қауіп-қатерлерге қарсы тұруға дайындығы тексерілген.
Бұған қоса комитет ұлттық мүдделерді, конституциялық құрылысты және қоғамдық қауіпсіздікті қорғауға ерекше көңіл бөліп отыр. Басым бағыттардың бірі – ұлттық экстремизмге, сепаратизмге және азаматтарды шетелдік қарулы қақтығыстарға тартуға қарсы тұру.
Бұған дейін, ҰҚК басшысы алғаш рет антикордың комитетке бірігуіне пікір білдірген.