Ермек Көшербаев Алакөлдегі демалыс аймақтарын тексерді

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Ермек Көшербаев Алакөлдегі демалыс аймақтарын тексерді/Үкіметтің баспасөз қызметі

Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев Жетісу облысындағы басты туристік бағыттардың бірі саналатын Алакөл көлі жағалауы инфрақұрылымының қазіргі жағдайымен танысты. Бұл туралы Үкіметтің баспасқз қызметі хабарлады.

Облыс құрылғаннан бері Алакөл ауданына 4,8 млн турист келген, соның 1,8 млн-ны өткен жылдың үлесінде.

Сапар барысында Вице-премьер коммуналдық жағажайда болған, мұнда өзге де аймақтардағы сияқты кешенді тұрғыда шешуді қажет ететін көптеген жүйелі мәселелер бар екені анықталған. Бастапқы шарттар бар болғанымен, ашық және қолжетімді аумақтағы көптеген демалыс орындарында санитарлық жағдай, инженерлік және инфрақұрылымдық жағынан бірқатар түйткілдер сақталып қалып отыр.

«Коммуналдық жағажайда демалуға келетін адамдар да жекеменшік демалыс аймақтарындағыдай базалық жайлылықпен, қауіпсіздікпен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл – әділеттілік қағидасы. Адам қай жерде де таза, тәртіпті әрі  ретті  ортада демалуы керек», – деп атап өтті Ермек Көшербаев.

Премьер-министрдің орынбасары аудан әкімі мен жауапты салаларға жағажайдағы санитарлық жабдықтауды күшейту, қосымша қоқыс жәшіктерін сатып алу, судағы белгілер желісін ұзарту және шағын көлемді кемелерге арналған қауіпсіз кіру аймақтарын белгілеу жөнінде бірқатар тапсырма берді. Сонымен қатар киім ауыстыратын орындар, душ кабиналарын орнату, абаттандыру, соның ішінде белсенді демалыс аймақтарын қалыптастыру мүмкіндігін қарастыру тапсырылды.

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жағалау аумағында кезекшілік атқаратын ТЖ қызметкерлерінің санын арттыру мәселесі қарастырылатын болады. Жағажайдағы жайма сауда мәселесіне де ерекше назар аударылды. Вице-премьер сауда нүктелері ретінде су және электр желісіне қосылған тұрақты дүңгіршектер орнату керектігін және оларда санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың қатаң сақталуы қажеттігін атап өтті.

«Бұл мәселелер тек Алакөлге ғана емес, елдегі барлық өңірлерге тән. Мұндай түйткілдер еліміздің демалыс аймақтарында жиі туындайды. Біз барлық ұсыныстарды жинақтап, үздік тәжірибелерді саралап, Туризм және спорт министрлігінде жауапты мемлекеттік органдардың қатысуымен арнайы кеңес өткізетін боламыз. Туризм — тек бизнес емес, бұл ең алдымен азаматтардың өмір сүру сапасының көрсеткіші», – деді Ермек Көшербаев.

Сапар аясында Вице-премьер Ақши ауылындағы теміржол вокзалында да болып, туристермен тілдесті. Туристердің пікіріне қарағанда, мұнда оң өзгерістер байқалады, алайда жағажайлардың кейбір аймақтарында түйткілді мәселелер демалыс сапасына әлі де көлеңке түсіруде.

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

«Алакөлге отбасымызбен алғаш рет келіп отырмыз. Вокзалда да, жағажайда да реттілік бар. Жағажайларда, киім шешетін орындар мен душ кабиналары көбірек болса екен дейміз», — деді пікірін білдірген демалушы Галина Чепрына.

«Сегіз жылдан бері бір жерге келіп демалып жүрміз. Қызмет көрсетуі, ауасы, суы — бәрі ұнайды. Дегенмен, жағажай учаскесінің қай-қайсының да, әсіресе тегін аймақтардың бір стандартқа сай болғанын қалаймыз», — дейді  алматылық туристер.

Жұмыс салалық министрліктермен үйлестіріле отырып жүргізілді. Жұмыс тобы құрамына енген барлық вице-министрлер өзінің жауапты бағыттары бойынша демалыс аймақтарына барып, ондағы жағдаймен танысты. Нәтижесінде олар вице-премьерге олардың қазіргі жағдайы мен қабылдануы тиіс қажетті шаралар туралы есеп берді.

Бұған дейін, Тоқаев Алакөл туристерді қабылдауға дайын еместігін туризм саласындағы кемшіліктерді айтқан. Артынша Олжас Бектенов шұғыл жиын өткізіп, Ермек Көшербаевты өңірге жіберген.

Сондай-ақ оқыңыз