Lucid Air электромобилі бір зарядпен 1205 шақырым жүріп әлемдік рекорд орнатты

Lucid Air электромобилі бір зарядпен ең ұзақ жол жүріп өткен көлік атанып, жаңа әлемдік рекорд орнатты. Модель тоқтамай 1205 шақырым жүріп өткен.
Бұл рекорд Еуропада өткен ауқымды автожорық кезінде расталған. Бағыт Альпі тауларындағы Швейцарияның көркем курорты Сен-Морицтен басталып, Германияның Мюнхен қаласында аяқталған.
Көлік қиын әрі ирелең таулы жолдардан бастап, жылдам автобандарға дейінгі әртүрлі жол жамылғыларымен жүрген. Мұндай жағдай электромобильдің түрлі ортадағы шынайы мүмкіндігін көрсетуге көмектеседі.
Сондай-ақ сынақ барысында нақты жүріс қашықтығы ресми мәліметтен әлдеқайда жоғары болып шықты. Техникалық сипаттамада бұл нұсқаның бір зарядпен жүретін жолы 960 км деп көрсетілген. Алайда нақты сынақ барысында Lucid Air болжанғаннан 250 шақырым артық жүріп, технологияның тиімділігі мен одан әрі жетілдіру әлеуетін көрсетті.
Lucid Air техникалық сипаттамасы
Lucid Air Grand Touring моделі қуаттылығы 110 кВт·сағ асатын үлкен батареямен жабдықталған. Электрқозғалтқыштың қуаты 831 ат күшіне тең. Еуропадағы бастапқы бағасы – 132,9 мың еуро (шамамен 80,9 миллион теңге).
Электромобиль өндірісі Қытайда да кеңінен өріс алып келеді. BYD 2025 жылдың соңына дейін Венгрияда көлік өндірісін іске қосқалы жатса, Xiaomi үш минутта 200 мың дана YU7 электрокар сатып үлгерген.