
2025 жылғы негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталды. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, тестілеуді 210 мыңнан астам талапкер тапсырған. Оның ішінде 76,5%-ға жуығы қазақ тілінде, 23,5%-ы орыс тілінде, 149 адам ағылшын тілінде тестілеуден өткен.
Тестілеу қорытындысы бойынша 161 мыңға жуық талапкер шекті балл жинаған, бұл қатысушылардың жалпы санының 76%-ын құрайды. Бес пән бойынша ҰБТ-ның орташа балы 69 балды құрады. Ең жоғары 140 балды Түркістан облысының түлегі Әбілхан Жәнібек жинады. 598 адам 130 балдан жоғары нәтижеге қол жеткізген.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар 681 талапкер тестілеуге қатысқан.
Апелляцияға 92 мыңнан астам өтініш қабылданып, олардың ішінде 104 бірегей тест тапсырмасына қатысты өтініштер қанағаттандырылған.
ҰБТ өткізу кезеңінде 711 ереже бұзушылық тіркелген. Тыйым салынған құрылғыларды – смартфондар, смарт-сағаттар, микроқұлаққаптар мен шпаргалкалар алып өтуге тырысу жағдайлары жиі болған. Осы себептерге байланысты 326 талапкер тестілеуден өте алмаған. Тестілеу барысында аудиториялардан 380 қатысушы шығарылып, олардың нәтижелері жойылған. Бейнежазбаларды қарау нәтижесінде қосымша тағы 5 адамның нәтижелері жойылған.
Сонымен қатар бүгін грант конкурсына құжат қабылдау басталды. Осы ретте мамандық пен университетті қалай таңдау керегі жөнінде кеңес әзірлеген болатынбыз.