Қандыағашта теміржол вокзалы жөнделіп жатыр

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Қандыағашта теміржол вокзалы жөнделіп жатыр
Қандыағашта теміржол вокзалы жөнделіп жатыр/Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданындағы теміржол вокзалына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс барысымен өңір басшысы Асхат Шахаров танысты.

Қазіргі таңда нысанда құрылыс жұмыстары қарқынды. Жертөледегі ескі есіктер мен силикатты қабырғалар бұзылып, шатырды тексеру жұмыстары басталған. Жылу жүйесін бөлшектеуге дайындық жүріп жатыр. Вокзал кешенінің жолаушылары мен қызметкерлері, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы контейнерлер орнатылған.

Жоба «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ басқаруында, мердігер ұйым – «Абай&C» ЖШС. Жөндеу жұмыстарының жалпы құны – 2,6 млрд теңге. Қайта жаңғырту 2025 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.

Нысанды аралау кезінде облыс әкімі вокзал инфрақұрылымын жаңартудың тұрғындар мен қонақтардың өмір сапасын арттырудағы маңызын атап өтті. 

«Теміржол вокзалы – қалаға келген адам ең бірінші көретін орын. Ол заманауи, қауіпсіз және барлық адамға – жолаушыларға, қызметкерлерге, әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы болуы тиіс. Біз бұл жұмысты сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауымыз керек», – деді өңір басшысы.

Қандыағаштағы вокзалдың қайта жаңғыртылуы – кешенді бағдарламаның бір бөлігі. Бұл бағдарламаға Ақтөбе, Шалқар, Жем, Алға қалаларындағы және Шұбарқұдық пен Қарауылкелді ауылдарындағы жалпы саны жеті вокзал кіреді. Барлық вокзалды жөндеуге 6,7 млрд теңге бөлінген. Мердігерлер анықталып, келісімшарттар жасалған. Жұмыстар бір мезетте жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін, Қытайлық компания Семейде жаңа ықшамаудан салуы мүмкін екені хабарланған.

Сондай-ақ оқыңыз