Трамп ЕО мен Мексикаға 30% кедендік тариф енгізетінін мәлімдеді

АҚШ президенті Дональд Трамп 1 тамыздан бастап Мексика мен Еуропалық Одақтан келетін импортқа 30% тариф енгізетінін ескертті, деп жазады Reuters.
Сауда соғысының ушығуына байланысты Трамп жаңа тарифтерді Еуропалық комиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен мен Мексика президенті Клаудия Шейнбаумға жолдаған жеке хаттарында жариялаған. Бұл хаттар сенбі күні Truth Social желісінде жарияланған.
Үш еуропалық шенеунік Reuters агенттігіне Трамптың бұл қадамы келіссөз жүргізудегі тактика екенін айтқан.
ЕО төрайымы Урсула фон дер Ляйен 30% тариф трансатлантикалық жеткізу тізбегін бұзып, екі жақтағы кәсіпорындарға, тұтынушыларға және науқастарға зиян келтіретінін айтты.
Ол сондай-ақ ЕО сауда келісіміне қол жеткізуге талпынатынын, бірақ қажет болған жағдайда ЕО мүддесін қорғау үшін осыған парабар қарсы шара қабылдайтынын мәлімдеді.
27 елден тұратын блок бір мезгілде қарама-қайшы қысымға ұшырап отыр: қуатты Германия өз өнеркәсібін қорғау үшін жедел келісімді қолдаса, Франция секілді өзге мүшелер АҚШ шарттарына біржақты көніп қалмау керек деген пікірде.
Трамп Ақ үйге оралғаннан кейін жариялаған тарифтік шаралар АҚШ үкіметіне ай сайын ондаған миллиард доллар кіріс әкеліп отыр. АҚШ Қаржы министрлігінің жұма күнгі мәліметіне сәйкес, маусымға дейінгі федералдық қаржы жылында кедендік баж салығынан түскен табыс 100 миллиард доллардан асқан.
Мексика президенті Клаудия Шейнбаумның баспасөз хатшылары мен Мексика экономика министрлігі бұл жағдайға қатысты әзірге түсініктеме бермеген.
Трамп АҚШ-тың басқа 23 сауда серіктесі – соның ішінде Канада, Жапония, Бразилияға және Қазақстанға ұқсас хаттар жолдап, жалпы тариф мөлшерлемесін 20%-дан 50%-ға дейін, сондай-ақ мысқа 50% тариф белгілеген. ҚР Сауда және интеграция министрлігі Трамп салығы Қазақстан экспортының шамамен 95 пайызына әсер етпейтінін мәлімдеп отыр.