Жаңалықтар

ҰҚК басшысы алғаш рет антикордың комитетке бірігуіне пікір білдірді

ҰҚК басшысы алғаш рет антикордың бірігуіне пікір білдірді
ҰҚК басшысы алғаш рет антикордың комитетке бірігуіне пікір білдірді/Фото: ҰҚК

ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытты ҰҚК-ге қосу жемқорлықпен күресті мүлдем жаңа деңгейге көтереді деп санайды.

Оның айтуынша, комитеттің аналитикалық, жедел және техникалық мүмкіндіктерін антикоррупциялық құралдармен біріктіру комитетке ауқымды әрі жүйелі заңбұзушылықтарды анықтауға көбірек жағдай жасайды. Қылмыстың түпкі себептерін де жоюға жол ашады.

«Қазір біз Жарлықтан туындайтын қадамдық іс-шаралар алгоритмін жасап жатырмыз, соның ішінде тиісті нормативтік-құқықтық база әзірленіп жатыр.  Үкіметпен және Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, бұрынғы ведомствоның функцияларын және өкілеттіктерін беру мәселелері қарастырылған. Бұның бәрі күрделі және көпсатылы процесс. Дегенмен жаңа қызметтің жұмысы бір сәтке де тоқтаған жоқ», – деді ол ҚазАқпарт агенттігіне берген сұхбатында.

Ермек Сағымбаев сыбайлас жемқорлықпен жүйелі күресу өте қажетті іс болып тұрғанын жеткізіп, заң мен тәртіпті нығайту міндеті орындалмайынша, әділетті мемлекет құру мүмкін еместігін жеткізді.

Маусымның соңында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрамына қосылған. ҰҚК-ге біріктірілген Антикор басшысы болып Нұржан Маратұлы тағайындалған.