Кәсіби айдентика: жұмысты жақсы көрген дұрыс, бірақ шектен асып кетпегеніңіз абзал

Жарияланды
Кәсіби айдентика деген не?/Фото: shutterstock

Әдетте біз жаңа ортаға түскенде өзімізді таныстырарда міндетті түрде мамандығымызды һәм қызметімізді айтамыз. Аты-жөнімізден кейін айтатынымыз — «Журналиспін», «Дизайнермін», «Мұғаліммін». Мұның астарында не жатыр? Асылы, бұл бір қоғамда қалыптасқан таптаурын ғана емес. Осылай таныстыру арқылы біз кәсіби айдентикамызды, жұмысымыз бен оған деген махаббатымызды бейсаналы түрде айқындаймыз.  Бір қарағанда бәрі дұрыс сияқты. Дегенмен жұмыс пен сіздің араңыздағы байланыс тым тереңдеп кетсе де жақсы емес. Алда-жалда қызметіңізден айырылып қалсаңыз, болмаса басқа салаға кеткіңіз келсе, әлгі тығыз байланыс кері тартуы мүмкін. Олай болса, кәсіби айдентика қалай қалыптасатынынан бастап, оның маңызы мен өмірде қалай баланс ұстау керегіне тоқталайық.

Кәсіби айдентика деген не?

Негізі кәсіби айдентика жүйесі өте күрделі. Мұның ішінде адамның өзі туралы ойы, жұмысымен байланысы — бәрі бар. Мысалы:

– Жұмыста сізге не нәрсе маңызды? Кәсіби құндылықтарыңыз бен ұстанымдарыңыз қандай?

  • Кімге ұқсағыңыз келеді? Қызметте кімді role model тұтасыз? 
  • Өзіңізді кәсіби қауымдастық мүшесі ретінде сезінесіз бе? 
  • Мансап жолында қалай дамып жатқаныңыз туралы рефлексия жасай аласыз ба?

Осы сұрақтардың төңірегінде ойланып көріңізші. Неғұрлым белсенді кірісіп, «жұмыс, жұмыс» деп қалған адам болсаңыз, соғұрлым айдентикаңыз айқын бола түседі. Мұның басы неден басталады десеңіз, бұл процесс жастайымыздан қалыптасады. Университет пен мамандық таңдағанда, бірінші рет жұмысқа орналасайын деп барғанда, армандаған қызметке кіріскенде идентификация жүреді.

Ол қалай қалыптасады?

1. Оқыған жеріңіз бен жұмыс орныңызға байланысты

Қай салада болсын жасалған алғашқы қадамдар өзіңізді маман ретінде қалыптастыратын іргетас болады. Мейлі ол жоғары оқу орны болсын, мейлі тағылымдама болсын бәрібір. Құдды үйдің кірпіші қаланып жатқандай басталады.

2. Кәсіби ортаның қатысы бар

Ұжым мәдениеті, әріптестер, кәсіби қауымдастықтар — бәрі біздің осы салада өзімізді қалай көріп, қабылдайтынымызға әсер етеді. 

3. Жұмыс барысындағы мәселелер шыңдайды

Қызметте бірде биікке самғасақ, енді бір құздан құлауымыз мүмкін. Енді бірі жұмысын ауыстырады. Осындай жағдайдың бәрі кәсіби айдентикамыз хақында жақсылап бір ойланып, таразылауға сеп болады.

4. Өзгелердің пікіріне қарап ой түйеміз

Айлық, лауазым, сіз туралы басқалардың айтқан пікірі және т.б. факторлар маман ретінде өзіңізге өзіңіздің беретін бағаңызды көрсетеді. Жақсы сөз айтылса, мәз боламыз. Сынның астында қалсақ, «мен өзі мықты маманмын ба» деп күмәнданып қаламыз.

Кәсіби айдентика қаншалықты маңызды?

1. Жұмыстың қазанында қайнап жатқаныңызды сезінгіңіз келеді  

Мұндай сезімнің болғаны дұрыс-ақ. Өйткені адам баласы табиғатынан сондай — ол қоғамның бір бөлігі болып жүргісі келеді. Сондықтан кәсіби ортада жүру арқылы ол:

– Ортақ тіл табысып, құндылықтарға ортақтасып жүрсем дейді

– Әріптестерінен мақтау естіп, қолдау алғысы келеді

– «Мен» деп емес, «біз» деп бірлесіп жұмыс істегенді жақсы көреді. Әсіресе, дәрігер, мұғалім сияқты мамандарға тән.

2. Өзін көрсетіп, мойындатқысы келеді

Қабілет-қарымы мықты, мақсатына жетпей қоймайтын, ол кетсе, жұмыста орны ортайып қалатынын адам кәсіби қызметі арқылы жақсырақ көрсетеді.

3. Алмағайып заманда тұрақтылық іздейді

Қазір көп нәрсе өте жылдам өзгеріп жатыр. Сондықтан «Мен кіммін?» деген сұраққа дайын жауабы бар адам сенімдірек жүреді.

4. Қызмет адамға статус береді

Қалай десек те, біздің атқаратын жұмысымызға қарай қоғамдағы бағамыз да белгіленіп отырады. Кәсіби маман болсаңыз, мойындайды. Көптің бірі, жұмыста жетістігі жоқ адам болсаңыз, өкінішке қарай, қоғамдағы рөліңіз де сол шамалас болады.

Жұмысқа тым беріліп кеткеннің зиянын да ұмытпау керек

1. Өзіңізді жұмыспен ғана байланыстыра бермеңіз

Мансап жолын құрған жақсы. Әр адам өз саласының маманы болғаны ғажап. Бірақ мықтылығыңызды кәсіби қызмет арқылы ғана көрсетіп үйреніп қалсаңыз, онда алда-жалда жұмыссыз қалсаңыз, бұл сізге нағыз ақырзаман болуы мүмкін. Себебі өмір дегеніңіз сан-қырлы: жұмыстан басқа да дүниелерге назар салуыңыз керек.

2. «Жұмыс, жұмыс» дей беретін адам түбі қажып кетеді 

Кәсіби тұрғыда таусылып кетпес үшін арагідік ой бөліп тұрған дұрыс. Жылдар бойы табысты, керемет маманның рөлін ойнап жүргенде адам өзінің кеңседен тыс жерде кім екенін ұмытып қалуы бек мүмкін.

3. Кризис кезінде қиын болады

– Көбі отыздан асқанда өмірін бір аударып-төңкеріп алғанды жақсы көреді. Өзін «Осы салада әлі де жүргім келе ме?» деп сұрақтың астына алады. Бұл да — кризис. 

– Күйзелістің көкесі жұмыстан қысқарып қалғанда болады. «Енді не істейм?» деген мазасыздық бойлайды.

– Мамандық ауыстырамын деп шешкен кезде де бұрынғы қалыпқа үйреніп қалған соң, өзіне сенбей, адам он ойланады.

Сау кәсіби айдентика қандай болады?

1. Өзіңіздің басқа да қырларыңызды қатар дамытыңыз

– Жұмыстан тыс хобби мен қызығушылықтарыңыз болсын. Біреу тауға шығады, біреу спортпен айналысады дегендей.

– Отбасылық, әлеуметтік рөлдеріңізді ұмытпаңыз

– Өзіңізге ұнайтын саланы таңдап, ерікті болыңыз

2. Жеке өмір мен жұмыстың шекарасын сақтаңыз

Жұмыста он жерден бастық болсаңыз да, адамдығыңыз айлығыңыз не лауазымыңызбен тең бола бермейді. Олай қателеспеңіз. Жұмыста — мамансыз, басқа жерде — қоғамның мүшесісіз.

3. Кез келген өзгеріске дайын болыңыз

Заман өте тез өзгеріп жатыр. Бүгін мойындалған нәрсенің ертесіне құны қалмай қалуы мүмкін. Сондықтан бейімделе алатындай иммунитет қалыптастыру керек.

4. Кәсіби рефлексия жасап үйреніңіз

Ол үшін өзіңізге мына сұрақтарды қойып көріңіз: 

– Жұмыста маған не ұнайды, не ұнамайды?

– Қандай маман болуға ұмтыламын?

– Өзімді жетілдіру үшін не істеуім керек? 

Тобықтай түйін 

Кәсіби айдентинканың өмірде маңызы зор. Бірақ соған ғана ұмтылып, басқаның бәрін ұмытып кетуге әсте болмайды. Өмір жұмыстан бөлек, қарым-қатынас, қызығушылық, арман сиқты аспектілерден де тұрады. Маман болып қалыптасу керек. Бірақ түбегейлі беріліп кеткеннің арты жақсы емес. Барлық жерде баланс қажет.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін отыздан асқанда жаңа салаға бет бұрғысы келгендерге арнап гайд жасаған едік.

Сондай-ақ оқыңыз