
65 жастағы аула сыпырушы Гүлипа Сейітқұловаға «Шымкент қаласының құрметті азаматы» атағы берілді. Ол күйеуімен бірге 19 жылдан бері қаладағы түрлі коммуналдық мекемелерде жұмыс істеп келеді.
Гүлипа Сейітқұлованың негізгі кәсібі – тігінші. 2006 жылы ол отбасымен Өзбекстанның Ташкент облысынан Шымкентке көшіп келген. 5 баласының екеуі қайтыс болған. Екі ұл, бір қызы үйлі-жайлы болған. Қазір ұл-келіні, немерелерімен бірге өмір сүреді.
«7 көпқабатты тұрғын үйдің ауласын тазалауды 3 адамға берген. Соны күнде айналып, сыпырып жүреміз. Жұмыс таңсәріден басталып, бесінге дейін жалғасады. Түсте бір сағат үзіліс. Негізі Өзбекстанда тігінші едім. Мұнда келіп тігінші болып жұмыс істегім келген. Ол кезде 45 жаста едім ғой. Ешкім жұмысқа алмаған соң, жолдасыммен аула сыпырушы болып жұмысқа кіріп кеттік. Содан бері бірге серіктесіп жұмыс істеп келеміз», – дейді ол.
Гүлипа Сейітқұлованың айтуынша, 19 жыл бұрын айлық жалақысы 18 мың теңге болған. Қазір 200 мың теңгеден асады. Алғашында жекеменшік коммуналдық компанияларға жұмысқа кіріп, орталық көшелердің жиегін тазалап жүрген. Қазір Қаратау аудандық коммуналдық мекемесінде тұрақты жұмысқа орналасқан.
«Шынымды айтсам, мені марапатқа ұсынғанын білмедім. Естігенде «жастарға берсеңдерші» дедім. Тіпті «Шымкент қаласының құрметті азаматы» атағы беріледі дегеннен хабарсыз едім. Марапат деген соң әкімдікке бара бердім ғой. Барсам 25 адам отыр екен. Қарасам арасында қызметте істегендер, профессорлар бар екен. Менімен бірге тағы бір аула сыпырушы болды. Негізі мұндай марапатты күтпедім. Еңбегіміз еленгеніне қуанып, рақметімді айттым. Бұлай ешкім бізді ескеріп, мәртебемізді көтерген жоқ еді», – дейді Гүлипа Сейітқұлова.
Гүлипа Сейітқұлова ауласын сыпыратын 7 көпқабатты тұрғын үйдің тұрғындары оған жәй коммуналдық қызметкер деп қарамайды. Әр үйдің тұрғындары оны біледі, құрметтейді, бағалайды. Онымен бірге сөйлесіп, кеңес алады, кейбірі досындай көреді. Ал балалар үшін ол әже, олар Гүлипа апайға кейде қолқанат болып, көмектеседі.
«Үйреніп қалған жұмысым болған соң зейнетке шықсам да жұмысымды тастағым келмеді. Үйде отырғанда не істеймін деп ойладым. Қазір шағын жер үйде тұрамыз. Ал маған көпқабатты тұрғын үйдің тіршілігі ұнайды. Үйінен шығып, серуендеп жүрген қарияларды көріп қызығамын. Соған жолдасым екеуміз пәтер алсақ деп ойлап жүрміз», – дейді Гүлипа Сейітқұлова.