Перизат Қайрат сотта Бауыржан Байбектің атын атады

Перизат Қайрат сотта Бауыржан Байбектің атын атады. Сотталушы Перизат Қайрат сот тергеуі барысында әуелі қор құрылтайшыларынан жауап алуды сұрап, сол сәтте «Нұр Отан» (қазіргі Amanat) партиясы төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің атын атады.
«Қор құрылтайшыларынан жауап алудан бастауды сұраймын. Себебі айыптау актісі мені қорды анаммен бірге құрып, олардың қолын қойған деген айыптаудан басталады. Қор партия құрамында Бауыржан Қыдырғалиұлы Байбектің басшылығымен құрылған. Құрылтайшылардың бірі бұрын, енді бірі партияда қазірге дейін қызмет етеді», – деді ол сотта.
Айта кетейік, Бауыржан Байбек партияны 2019 жылдың маусымнан 2022 жылдың ақпанына дейін басқарды.
Ал айыптау актісіне сәйкес, 2021 жылдың 11 қазанында «Biz Birgemiz» қоғамдық бірлестігі тіркелген. Осыдан кейін Перизат Қайрат пен анасы Ғайни Алашбаева банк шоттарын ашқан.