Перизат Қайрат сотынан тікелей эфир жүргізуге тыйым салынды

Астанада Перизат Қайрат пен анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты іс бойынша сот процесі басталды. Қылмыстық істі Сабыржан Кәрімов қарап жатыр.
9 шілдеде Перизат Қайратқа қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті. Басты сот талқылауы 2025 жылдың 14 шілдесінде басталды. Сот залынан тікелей эфир жүргізуге болмайды.
Айта кетейік, судья шешіміне сай сот процесі ашық өтеді, бірақ банк құпиясын құрайтын деректерді қосқанда басқа да құпия ақпарат жария етілмейді. Сондай-ақ айыпталушылардан жауап алу процесі ешкімге көрсетілмейді. 14 шілдедегі сот отырысында журналистер басқа залға шығарылды. Бұл шешімін судья кез келген уақытта құпия ақпарат жариялануы мүмкін деп түсіндірді.
«Қайрат пен Алашбаеваға қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі ашық өтіп жатыр. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуына шектеу қойылмаған. Бүгінгі күнге дейін БАҚ-тың 70-тен астам өкілі қатысуға өтініш берген.
Алайда сот сотталушылардың өтініші бойынша олардан жауап алу кезінде, соның ішінде түсініктемелер беру барысында және дәлелдемелерді зерттеу кезінде жариялылықты шектеу туралы шешім қабылдады. Себебі бұл мәліметтер құпия ақпаратты жариялауға әкеп соғуы мүмкін», – деді судья.
Бұған дейін Қайрат Астанадағы сот процесінде өзін тергеу изоляторы қызметкерлері соққыға жыққаны туралы айтты. Астана полициясы бұл мәлімдемеге жауап берді.