
Ұлттық қауіпсіздік комитеті ведомство атынан әрекет ететін адамдардың алаяқтық іс-әрекеті туралы хабарлады.
Қылмыскерлер азаматтарға ҰҚК және басқа да ведомстволардың қызметкерлері ретінде телефон соғып, олардың банк шоттарында күмәнді операциялар болып жатқаны немесе істі тергеуге байланысты мәселе туындағаны туралы хабарлайтын болған.
Жеке жағдайларда алаяқтар «ұлттық қауіпсіздікке деген ықтималды қауіп-қатерді» негізге ала отырып, «терроризм әрекетін тоқтату үшін әрекет қажет» деп мәлімдейді. Шынайылық үшін жалған куәліктерді (мысалы, мессенджердегі бейне қоңыраулар арқылы) көрсетіп, ҰҚК логотипі бар жалған құжаттарды жібереді.
Әңгіме барысында олар азаматтарды ақшаларына қауіп төніп тұрғанына сендіріп, қорғаныс немесе тексеру үшін қаражатты қауіпсіз шотқа аударуды ұсынады. Кейде оларға жинақтарын құтқару үшін несие алуға кеңес беріледі, содан кейін ақша қылмыскерлер бақылайтын шоттарға аударылады.
Сондай-ақ ҰҚК-нің жалған қызметкерлері жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу сияқты мәселелер бойынша ақшалай сыйақыға өз қызметтерін ұсынуы мүмкін.
ҰҚК бұл әрекеттер Қылмыстық кодекстің 190 (Алаяқтық) және 385 (Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу) баптарына жататынын ескертеді.
Осыған байланысты ҰҚК құқық қорғау мен арнайы орган қызметкерлері азаматтарға ешқашан қоңырау шалып, қандай да бір шотқа ақша аударуды талап етпейтінін еске салады.
Мұндай қоңыраулар немесе ұсыныстар түскен жағдайда полиция органдарына хабарласу керек.
Бұған дейін, алаяқтар дауысты айнытпай салу арқылы АҚШ мемлекеттік хатшысының даусымен бірнеше шендіге хабарласқаны туралы жазғанбыз.