Жаңалықтар

Бақытжан Базарбек Алматыдағы заңсыз құрылыс мәселесін Мәжіліске дейін жеткізбек

Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Алатаудың етегі бетонған көміліп жатыр. Жасыл белдеудің орнын заңсыз коттедждер мен көпқабатты үйлер басып келеді. Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек дабыл қағып, мұндай құрылыс қарқыны қаланы тұншықтырып, табиғатты жойып жіберуі мүмкін екенін ескертті.

Депутат Алматының тау бөктері біртіндеп «бетон геттоға» айналып бара жатқанын айтады. Жуырда ол қала шетін аралап, заңсыз салынып жатқан тұрғын үй кешендері мен коттедждерді өз көзімен көріп қайтқан. Кейбір үйлер мүлде заңсыз немесе нормаларды өрескел бұзып тұрғызылған.

«Алматыны сақтауымыз керек. Біз бұл қаланы бетон джунглиге айналдыруға жол бере алмаймыз», — дейді депутат.

Заңды белшесінен басқан құрылыс

Мысалы, «Ерменсай» ықшамауданында салынған бір тұрғын үй кешені Ерменсай өзенінен 3-4 метр ғана қашықтықта орналасқан. Ал Қазақстанның Су кодексінде бұл аралық кем дегенде 35 метр болу керек деп жазылған.

«Мұндай нысандарды салуға қалай рұқсат берілген? Бұл – жай техникалық қате емес, нағыз заң бұзу,» – деп ашынады ол.

Бостандық ауданында да дәл осындай келеңсіздіктер бар. Кей жерлерде алма бағының орнына үш қабатты таунхаустар бой көтерген. Тағы бір жерде рұқсат етілген үш қабаттың орнына бес қабатты үй салыныпты. Құжат жүзінде бәрі «шаруашылық мақсаттағы жер» ретінде рәсімделген. Іс жүзінде жеке элиталық үйлер салынып, айналасын дуалмен қоршап, жұрттың жолын жауып тастаған.

Базарбек осындай заң бұзылған фактілерді тіркеп, нақты дәлелдер жинап жүр. Ол бұл деректерді Жер ресурстарын басқару департаментіне, бассейн инспекциясына және Құрылыс істері комитетіне жолдайтынын айтады. Сонымен қатар бұл мәселені Парламент қабырғасында көтеруге ниетті.

Бұған дейіе Бақытжан Базарбек Бас прокуратурадан «СҚ-Фармация» басшыларын тергеуді талап еткен.