«Қазатомөнеркәсіп» Словакияға уран жеткізуді жоспарлап отыр

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media, бильд-редактор

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы Словакияның энергетикалық алыбы – Slovenské elektrárne a.s. (SEAS) компаниясымен атом саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат Словакиядағы атом электр станциялары үшін табиғи уран концентратын жеткізуге қатысты екіжақты ниетті бекітеді.

Алайда қос тарап жеткізілетін уран көлемі мен мерзімін нақтыламаған.

SEAS – Словакиядағы ең ірі электр энергиясын өндіруші компания. Ол елдегі электр қуатының 70%-дан астамын қамтамасыз етіп, елдегі екі атом электр станциясын басқарады. Бұл АЭС-терде ВВЭР-440 типіндегі бес реактор жұмыс істеп тұр.

SEAS-тің 66%-ы Slovak Power Holding-ке тиесілі, ал қалған 34%-ы тікелей мемлекет меншігінде. Бұл компанияның ел үшін стратегиялық маңызын көрсетеді.

«Қазатомөнеркәсіп» уран өндірісі бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі саналады. 2024 жылы Қазақстанда уран өндіру көлемі 10%-ға өсіп, 23 270 тоннаға жетті. Ал 2025 жылға жоспар 25 000–26 500 тонна аралығында

Қазақстан қор биржасындағы соңғы дерек бойынша, компанияның 62,99% акциясы — «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына, 12,01% — ҚР Қаржы министрлігіне тиесілі. Ал қалған 24.32% акциясы еркін айналымда жүр.

Сондай-ақ оқыңыз