Қазақстандағы онлайн жарнама нарығы рекордты өсім көрсетті

Жарияланды 14 Шілде 2025 14:45

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

Business News бөлімінің тілшісі a.abitay@kursiv.media
диджитал жарнама
Фото: shutterstock

Былтыр елдегі медиа нарық көлемі тарихи рекорд орнатып, 132 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде digital-жарнама нарығы 24%-ға өсіп, 66,8 млрд теңгені құрады. Онлайн жарнаманың дәл осындай өсім көрсетуі тұтынушылардың әрекеті түбегейлі өзгеріп, бизнесті цифрландыру қарқынды өсіп жатқанын көрсетеді деп атап өтеді Wunder агенттігі мамандары.

Соңғы он жыл ішінде диджитал жарнамаға инвестиция салу тұрақты түрде өсіп жатқаны көрінеді. 2014 жылы бұл саланың көлемі 9,7 млрд теңгені ғана құраса (ТВ көлемі – 23 млрд теңге), 2019 жылы бірден 19 млрд теңгеге өсіп, нарықта екінші орынға тұрақтады. Ал 2023 жылы телевизияны басып озып, үлесі 53,8 млрд теңгеге жетті.

«2025 жылдың бірінші тоқсанында нарық 29%-ға өсіп, 14 млрд теңгеге жетті. Бүгінде диджитал үлесі нарықтың 50%-ын құрайды. Халықаралық деңгейде 60-62% екенін ескерсек, рекордқа жақындап қалды деуге болады. Мұндай көрсеткішті жаңа ойыншылардың келуімен емес инфляциялық факторлармен түсіндіреді. Өсімге қазіргі жарнама берушілер себеп болып отыр. Олар экономикалық өзгерістер мен медианы тұтыну құрылымындағы өзгерістерге байланысты жарнама бюджеттерін арттырып жатыр», – дейді Wunder Digital агенттігінің өкілі Дмитрий Григорьев.

Digital аудиторияның әдеттері

Қазақстан аудиториясы интернетті белсенді түрде қолданады. Тұтынушылардың 90%-ға жуығы күніне кем дегенде екі рет интернетті пайдаланады. Орталық Азия елдерінің ішінде Қазақстан ең арзан және ең жылдам интернет тіркелген. Алматы мен Астанада ғаламторға қолжеткізу 91%-ға, ал көпшілік облыстарда 80-93%-ға тең. Тіпті урбанизация деңгейі төмен Ақтөбе, Қызылорда тәрізді облыстарда интернетпен қамту 60%-ға жетеді.

Интернет қолданушының орташа жасы – шамамен 40-та. Бұл диджитал жарнама нарығының аудиториясы төлемге қабілетті екенін де білдіреді. Трафиктің басым бөлігі мобильді құрылғыға келеді, оның ішінде Android – 62% және IOS – 38%.

Егер аудиториямен жанасу нүктелері жайлы айтатын болсақ, ең бірінші қатарда YouTube және Kaspi-ді айтуға болады. Интернет қолданушылардың 59%-дан астамы Kaspi арқылы сауда жасайды, ал 45%-ы тұрақты түрде ютубта видео көреді. Бұл платформа бренд қауіпсіздігі (Brand Safety) мен қамту ауқымы тұрғысынан ең тиімділердің бірі саналады.

Елдегі онлайн сауда да қарқынды өсіп жатыр. Соңғы бес жылда Қазақстандағы онлайн сауда көлемі жеті есе ұлғайып, 3,2 трлн теңгеге жеткен. Мамандар сөзінше, бес жылдан кейін әрбір бесінші тауар онлайн сатылады

Сондай-ақ оқыңыз