Lifestyle

«Интервидение – 2025» байқауында Қазақстан атынан Amre өнер көрсетеді

Amre «Интервидение – 2025» байқауында өнер көрсетеді / фото: amre_official

20 қыркүйек күні Ресейде өтетін халықаралық музыкалық «Интервидение – 2025» байқауында Қазақстан атынан танымал әнші, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты — Amre (Ернар Садырбаев) өнер көрсетеді.

Amre есімімен танылған Ернар Садырбаев – Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі. Pop, pop-classic, latino және R&B жанрларында ән шырқап, тыңдарман жүрегінен ерекше орын алған талант иесі.

Ернардың халықаралық сахнадағы алғашқы ірі жеңістерінің бірі — 2018 жылы Витебск қаласында өткен «Славян базары» фестивалінде бірінші орын алған еді.

2021 жылы Қазақстанда өткен танымал «Маска» телевизиялық шоуына қатысып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Бұл жобада «Бүркіт» бейнесінде өнер көрсетіп, ерекше образымен есте қалды.

Сондай-ақ Ернар Садырбаев Ресейде өткен «Голос» музыкалық шоуына да қатысып, Дима Биланның командасы құрамында өнер көрсетіп, финалға дейін жеткен болатын. Бұл жоба арқылы ол ТМД аумағындағы көрерменге кеңінен танылды.

«Интервидение» байқауы – ТМД және Еуразия кеңістігіндегі елдердің үздік орындаушыларын біріктіретін халықаралық музыкалық алаң.