Ninety One ұзақ үзілістен кейін Level Up фестивалінде жанкүйерлермен қайта қауышты

Жарияланды 14 Шілде 2025 10:35

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Level Up фестивалі қалай өтті / фото: asylbekd.wfolio.pro

12 шілде күні Алматыдағы әйгілі Медеу мұз айдынында жастарға арналған ерекше мәдени шара — Level Up фестивалі өтті. Заманауи музыка мен мағыналы идеяны ұштастырған кешке мыңдаған адам жиналды.

Фестивальдің басты оқиғасына айналған сәт — Ninety One тобының сахнаға қайта оралуы болды. Ұзақ үзілістен кейін алғаш рет көпшілік алдына шыққан топты жанкүйерлер ерекше сағынышпен қарсы алды. Олардың әрбір әнін бірге шырқап, ыстық ықыласпен қошемет көрсетті. Тыңдармандардың әйгілі топты сағынып қалғаны байқалды. Бұл топтың қазақ поп-музыкасындағы орны мен халыққа әсерінің айқын дәлелі болды.

фото: asylbekd.wfolio.pro

Айта кетейік, Ninety One тобы 2023 жылдың қарашасында, GAP TOUR гастролін аяқтағаннан кейін өз шығармашылықтарына уақытша үзіліс жариялаған болатын. Бұл тур Астана, Алматы және Шымкент қалаларында өткен еді. 2022 жылы топ мүшелері JUZ Entertainment лейблімен келісімшартты тоқтатып, содан бері шығармашылық жолын дербес жалғастырып келеді.

Сахнада сондай-ақ Say Mo, Айқын, Alem, Brooklyn сынды танымал орындаушылар өнер көрсетті. Әрқайсысы өз тыңдармандарына ерекше көңіл-күй сыйлады.

Кештің ерекше бір бөлігі — бұған дейін құпия қонақ деп жарияланған әнші Қайрат Нұртас сахнаға шығып, күтпеген сәтте көрерменді дүр сілкіндіріп, Медеуді нағыз жұлдызды кешке айналдырды.

фото: asylbekd.wfolio.pro

Level Up фестивалі тек көңіл көтеру шарасы ғана емес. Ұйымдастырушылардың айтуынша, оның басты мақсаты — жас ұрпаққа өзіне адал болу, ішкі еркіндігін табу, саналы таңдау жасау сынды маңызды құндылықтарды дәріптеу.

Сондай-ақ оқыңыз