Lifestyle

Қазақ театры Мәскеуді тәнті етті: «Мәмлүк» қойылымы екі күн қатарынан аншлагпен өтті

«Мәмлүк» қойылымы Мәскеуде екі күн бойы аншлагпен өтті / фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Алматы қаласынан келген «Алатау» дәстүрлі өнер театры А.П. Чехов атындағы XVII Халықаралық театр фестивалінде қазақ өнерінің биіктігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Театр ұжымы Мәскеуде «Мәмлүк. Сұлтан Бейбарыс» атты қойылымын сахналап, ресейлік көрермендердің ерекше ықыласына бөленді.

Спектакль екі күн қатарынан аншлагпен өтті. Көрермендер орындарынан тік тұрып қошемет көрсетіп, ұзақ қол соқты. Қойылымды театр сыншылары, халықаралық сарапшылар, фестиваль қатысушылары, Мәскеу тұрғындары мен Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшісі Дәурен Абаев тамашалады.

Саундрама жанрында сахналанған қойылымда құлдықтан сұлтандыққа дейінгі жолды өткерген Бейбарыстың тағдыры баяндалады. Сахнада 85 адам өнер көрсетті. Жас Бейбарысты – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Әсет Есжан, ал ересек Бейбарысты – танымал актер Ондасын Бесікбасов сомдады.

Қойылымның бас режиссері — Фархад Молдағали. Пластикалық шешімдер мен жекпе-жек сахналарын Шырын Мұстафина мен Әділет Таменов жоғары деңгейде дайындады. Сценограф Нұрлан Төлешов сахналық кеңістікті жандандырып, оқиғаның драматургиясын тереңдете түсті. Ал композитор Серікжан Айтқалиев этно-фольклорлық ансамбльмен бірлесіп, қойылымның әр сәтін сезімге толы әуенмен әрледі.

Көрермендер де әсерлерін жасыра алмады. Мәскеу тұрғыны Татьяна Атакова қойылымды «соңғы уақытта ерекше әсер қалдырған жалғыз спектакль» деп бағаласа, Светлана Нечаева екі күн қатарынан қойылымды тамашалап, тарихи мазмұн мен музыкалық әрлеуге тәнті болғанын айтты.

Айта кетейік, Чехов фестивалі – екі жылда бір рет өтетін, әлемдегі ең беделді мәдени шаралардың бірі. Ұйымдастырушылар әр қойылымды қатаң іріктеу арқылы таңдайды.

Театр директоры Мақсат Нұралиевтің айтуынша, Алматы қаласы әкімдігі мен Мәдениет басқармасының қолдауы арқасында жас театр әлемдік сахнаға шығуға мүмкіндік алып отыр.

«Біз қатарынан екі күн әлемдік сахнада өнер көрсеттік. Әр қойылымымыз аншлагпен өтті. Қаланың стратегиялық қолдауы бізге халықаралық серіктестік орнатып, беделімізді арттыруға мүмкіндік беріп отыр», – деді ол.

Фестивальге биыл Қазақстанмен қатар Қытай, Бразилия, Үндістан, ОАР, Иран, Армения, Аргентина, Колумбия және Бахрейн театрлары қатысты. 30 жылдан аса тарихы бар шара осы уақытқа дейін 600-ден астам үздік қойылымды ресейлік көрерменге ұсынған.

Чехов фестивалінен кейін «Алатау» театры Францияға аттанып, әлемдегі ең танымал Off Avignon 2025 театр фестивалінде Қазақстан атынан өнер көрсетеді. Бұл — тек театрдың кәсіби шеберлігін дәлелдеу ғана емес, сонымен қатар қазақ мәдениетін жаһандық деңгейде насихаттаудың маңызды қадамы.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Бауырына салу» фильмі Италиядағы беделді кинофестивальде топ жарған еді.