
Жуырда танымал киноактер, продюсер Санжар Мәди Қаскелеңде ашылып жатқан New York Film Academy (NYFA) филиалына 50 000 АҚШ доллары көлемінде 10 білім грантын бөлетінін жариялады.
Санжар Мәди өз Instagram парақшасында бұл гранттық бағдарлама бір жылдық оқу курсына арналғанын және төрт бағыт бойынша тағайындалатынын мәлімдеді:
- 3D-анимация және визуалды эффектілер
- Ойын дизайны
- Киносценарий жазу
- Кинода актерлік өнер
Жалпы 10 жеңімпазға 5 000 доллардан білім гранты ұсынылады.
Қатысу шарттары қарапайым:
- Профильдегі сілтеме арқылы тіркелу
- Ұсынылған екі тақырыптың біріне креативті видео түсіру
- Видеоны Instagram-ға #NYFAxSanjarMadi хэштегімен 25 шілдеге дейін жүктеу
- Профиль ашық болуы шарт
Тіркелгеннен кейін қатысушыларға толық нұсқаулық пен бағалау критерийлері жіберіледі.
Бұл игі бастамаға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те үн қатып, алғысын білдірді:
«Бұл — жай ғана демеушілік емес, бұл — ел болашағына құйылған инвестиция», – деді министр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Каскелеңде ашылатын NYFA академиясына қалай түсуге болатынын, қандай бағыттар бойынша оқытатыны туралы толық жазған едік.