
Италиялық теннисші Янник Синнер 2025 жылы Лондонда өткен Уимблдон турнирінің жеңімпазы атанды. Бұл – 23 жастағы спортшының атақты жарыстағы алғашқы жеңісі. Финалда испаниялық Карлос Алькарасқа қарсы шығып, төрт сеттік тартысты кездесуде жеңіске жетті – 4:6, 6:4, 6:4, 6:4.
Әлемнің бірінші ракеткасы Синнер екінші орын иегері Алькарасқа қарсы үш сағаттан астам (3 сағат 4 минут) өнер көрсетті. Ойын барысында Синнер 8 эйс жасап, 2 қос қате жіберді және 9 мүмкіндіктің төртеуінде брейк-пойнтты сәтті жүзеге асырды. Ал Алькарас 15 эйс орындап, 7 қос қате жасап, тек 6 брейк-пойнттың екеуінде ғана ұпайға қол жеткізді.
Бұл жеңіс Янник Синнер үшін мансабындағы төртінші «Үлкен дулыға» (Grand Slam) титулы болды. Бұған дейін хард корттағы Australian Open турнирін (2024, 2025) және US Open жарысын (2024) жеңіп алған еді.
Ал 22 жастағы Карлос Алькарас бұған дейін Уимблдонда екі мәрте (2023, 2024), Ролан Гаррос турнирінде екі рет (2024, 2025) және US Open-де (2022) жеңіске жеткен еді. Алайда биылғы финалда Синнердің мықты ойынына төтеп бере алмады.
Айта кетейік, 2022 жылы қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің жеңімпазы атанған еді. Алайда қазақстандық теннисшілер үшін биылғы жарыс сәтсіз аяқталды.