
Қазақ мифологиясына негізделген отандық «Жезтырнақ» фильмі Жапонияда өткен Karatsu International Film Festival (KIFF) халықаралық кинофестивалінің финалдық бағдарламасына еніп, үздік екінші пландағы ер адам рөлі үшін Есентай Ниязбеков арнайы марапатқа ие болды.
Фестиваль 2025 жылғы 8–13 шілде аралығында Жапонияның Сага префектурасындағы Карацу қаласында өтті. Фильм жапон тіліне дубляждалып, арнайы көрсетілім бағдарламасына енді. Бұл — әлемнің әр түкпірінен келген кинематографтарды біріктіретін беделді халықаралық алаң.
Фильм авторлары үшін бұл — үлкен жетістік. Олар қазақ мифологиясы мен фольклорын әлемдік деңгейде таныстырып, ұлттық болмысты кино тілі арқылы жеткізуді мақсат еткен.
Фильм – қазақ ертегілері мен аңыздарын заманауи интерпретацияда ұсынуға тырысқан ерекше туынды. Жанры — мистикалық комедия: мұнда ұлттық дәстүр, хоррор элементтері, комедия мен экшн үйлесім тапқан.
Айта кетейік, «Жезтырнақ» фильмі 2024 жылдың 14 қарашасынан бастап Қазақстан кинотеатрларында көрсетілген еді.