Жаңалықтар

Алматыдағы онкологиялық орталықта химиотерапиялық препараттарды енді робот әзірлейді

 KiroOncology роботы
Алматыдаға онкологиялық орталықта KiroOncology роботы іске қосылды / Фото: Денсаулық сақтау министрлігі; / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Алматыдағы онкологиялық орталықта химиотерапиялық препараттарды енді KiroOncology роботы әзірлейді. Бұл туралы Денсаулық министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Министрлік хабарлауынша, KiroOncology роботы бұған дейін Еуропа мен АҚШ-та пайдаланылған. Роботтандырылған жүйе медициналық қызметкерлерді цитотоксикалық препараттардан қорғайды.

KiroOncology мынадай функцияларды атқарады:

  • Препарат дозасын дәл есептейді, адами қателіктерді болдырмайды;
  • 360° камера және кескіндер базасы арқылы компоненттерді анықтайды;
  • Штрихкодтарды тексеріп, компоненттерді араластырар алдында және кейін өлшейді;
  • Дәрілік заттарды дұрыс дозалауды қамтамасыз етеді;
  • Қауіпті қалдықтарды герметикалық контейнерде автоматты түрде жояды;

«Робот препаратты флакондарға құю, араластыру және қауіпсіз жою кезеңдерін өздігінен орындайды», – делінген баспасөз хабарламасында.

Бұдан бөлек онкологиялық орталықта BiOptima IT II класты ламинарлық бокстар да пайдаланылады. Бокстар KiroLink платформасы арқылы Kiro Assist жүйесімен біріктіріліп, қолмен сұйылтылған препараттарды қауіпсіз және бақылаулы түрде дайындауға мүмкіндік береді.

Процесс барысында жүйе препарат сәйкестігін тексеріп, штрихкодын сканерлейді, өлшейді және визуалды бақылау жүргізеді.

Министрлік хабарлауынша, көптеген медициналық мекемелерде химиотерапиялық дәрілер әлі де дәстүрлі ламинарлық шкафта дайындалады. Бұл медициналық персонал мен науқастар үшін қауіпті саналады. Ал роботтандырылған жүйе қауіптің алдын алады.