МӘМС-ке мемлекет төлейтін жарна көлемі артады: Тоқаев заңға қол қойды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
МӘМС-ке
Тоқаев МӘМС-ке қатысты заңға қол қойды / Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

МӘМС-ке мемлекет төлейтін жарна көлемі артады. Тиісті заңда президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.

«Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және медициналық қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды», – делінген Ақорда хабарламасында.

Заңға сәйкес Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін қаржыландыруды жетілдіру мақсатында мемлекет тарапынан төленетін жарналар мөлшері кезең-кезеңімен ұлғайтылады. Атап айтқанда, 2027 жылдан бастап 2037 жылға дейінгі аралықта мемлекеттің МӘМС жүйесіне жасайтын аударымдары қазіргі 2,2%-дан 4,7%-ға дейін өседі.

Сонымен бірге  2026 жылдан бірыңғай базалық медициналық көмек пакеті іске қосылады. Бұл пакетте мынадай көмек түрлері қамтылады:

  • Жедел және шұғыл медициналық көмек;
  • Паллиативтік көмек;
  • Маңызды ауруларды емдеу (мысалы, жұқпалы немесе әлеуметтік маңызы бар аурулар – туберкулез, АИВ);
  • Белгілі бір скринингтер.

Сонымен бірге енгізілген өзгерістерге сәйкес, табысы төмен азамттардың 5%-ы МӘМС есебінен жоспарлы медициналық көмекке қол жеткізе алады. Ал 2,4 млн еңбекке қабілетті жастағы азаматтар үшін сақтандыру жүйесіне кіру жеңіл әрі ауыртпалықсыз болады деп күтіледі.  

Аталмыш заң МӘМС жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге, халықтың сапалы медициналық қызметтерге қолжетімділігін арттыруға және денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған.

Айта кетейік, бұл заңды Сенат 26 маусым күні мақұлдаған болатын. Заңда МӘМС қаражатының қалай жұмсалып жатқаны туралы ақпаратты ашық жариялауды міндеттеу тетігі де бар. Депутаттар 21 мамыр күні өткен Мәжіліс отырысында медициналық сақтандыру жүйесіндегі қаражаттың жұмсалуы туралы ақпаратты ресми интернет-ресурстарда міндетті түрде жариялау міндеттелетінін айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз