Алматы әкімі кәріз суы жиналатын Сорбұлақ көлінің жағдайымен танысты

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Сорбұлақ жинағышының жағдайымен танысты. Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды кезекті жұмыс сапары аясында кәріздік тазарту құрылыстарын (КТҚ) және «Сорбұлақ» шайынды сулар жинағышын аралап көріп, нысандардың қазіргі жай-күйімен және оларды жаңарту мен тазарту жүйелерінің тиімділігін арттыруға бағытталған шаралармен танысты», – делінген баспасөз хабарламасында.
Әкім бірінші Іле ауданындағы Жәпек Батыр ауылында орналасқан аэрация станциясына барған. Ол жерде Алматы мен қала маңындағы елді мекендерден келетін шайынды сулар бірінші механикалық тәсілмен тазартылып, артынша биологиялық жолмен тазаланады. 1992 жылы салынған бұл нысан қазіргі таңда қалалық инфрақұрылымның маңызды буыны болып саналады. Нысанның жобалық қуаты тәулігіне 640 мың текше метрді құрайды. Қазіргі жүктеме тәулігіне 450 мың текше метрді құрап отыр.
«Шайынды суларды тазарту сапасы қаланың экологиялық қауіпсіздігіне және тұрғындардың денсаулығына тікелей әсер етеді. Мұнда тек қолданыстағы қуаттарды ұстап тұру ғана емес, тазарту стандарттарын көтеру де маңызды», – деді Дархан Сатыбалды.
Сорбұлақ көлі
Осындай жолмен тазартылған су 1973 жылдан бері шайынды сулар жиналатын Сорбұлақ көліне құйылады. Бұл көлдің ауданы 58 шаршы шақырымды құрайды. Ал тереңдігі 25 метрге жетеді.
Әкімдік мәліметінше, Сорбұлақ жинағышының жағдайы жіті бақылауда. Мұнда инженерлік-гидрологиялық зерттеулер жүргізіліп отырады, сонымен бірге «Алматы Су» МКК мамандары бекітілген ереже бойынша күн сайын су деңгейін өлшеп тұрады. Мамандар судің экологиялық және химиялық сапасын тексеріп отырады. Бұдан бөлек Сорбұлақтың су деңгейі реттеліп отырады. Осы мақсатта және су тасқыны қаупінің алдын алау үшін арнайы бөгеттер салынған. Сонымен бірге су бөлгіш және гидротехникалық құрылыстар да бар.
«Сапар қорытындысы бойынша Дархан Сатыбалды тазарту құрылыстарын жаңғырту және жинағышты сенімді пайдалану бойынша жобалық шешімдерді бақылауға алуды тапсырды. Әсіресе, тазарту сапасына, сүзу деңгейіне және халық санының артуы мен қалалық агломерацияның кеңеюі жағдайында жүктеменің өсуіне дайындыққа ерекше назар аударуды міндеттеді», – делінген баспасөз хабарламасында.
Айта кетейік, әкім сонымен бірге коммуналдық автобус және троллейбус парктерін аралап, жаңа газ құю станцияларын жаңғырты бойынша тапсырма берген болатын.