Жаңалықтар

Егер тауарда баға белгісі болмаса, бизнеске айыппұл салынады

Тауарда баға белгісі болуы міндетті / Фото: ашық дереккөзден

Дүкен сөрелеріндегі тауарларда баға белгісі болса, әкімшілік айыппұл салынуы мүмкін. Бұл жайлы сауда және интеграция министрлігінің сауда комитеті төрағасының орынбасары Ернұр Жәутікбаев мәлімдеді. Осы жылдың бірінші жартысында белгі жапсырмаған кәсіпкерлерге 233 қаулы шығарылған.

«Баға белгісі – жай ғана қағаз емес, тұтынушыны қорғайтын қарапайым элемент. Клиент сатып алғанға дейін бағаны көруге құқығы бар. Баға белгісінің болмауы айыппұлға негіз болады», – деді Жәутікбаев ірі сауда желілері мен супермаркет иелерінің қатысуымен өткен жиналыста.

Комитет өкілдерінің атап өтуінше, баға белгісінің болмауы, дұрыс оқылмауы және кассадағы бағамен айырмашылық жасау сауда желілеріндегі жүйелі мәселенің бірі.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 193-4-бабында көрсетілгендей, ел аумағында сатылып жатқан тауар бағасы теңгеде жазылмаса, белгідегі бағаға қарағанда әлдеқайда жоғары сатылса:

  • онда шағын кәсіпкерге 23,6 мың теңге (қайталанса 255,6 мың тг)
  • орта кәсіпкерлік иесіне 39,3 мың теңге (қайталанса 471,8 мың тг)
  • ірі бизнес өкіліне 118 мың теңге (қайталанса 786,4 мың тг) көлемінде айыппұл салынады.

Комитет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының саудалануын ерекше назарға алмақшы. Ол санаттағы тауарларда баға белгісі болмаса алдымен айыппұл салынады. Бірақ ол қателік екінші рет қайталанса:

  • шағын бизнеске 39,3 мың теңге
  • орта бизнес өкіліне 294,9 мың теңге
  • ірі бизнеске 1,2 млн теңге көлемінде айыппұл салынады.

Жиын кезінде отандық тауарлардың орналасуына ерекше назар аударылды. Ішкі сауда ережесі бойынша, сөрелердегі азық-түлік тауарларының 30%-дан және өзге тауарлардың 20%-дан кем емес үлесі отандық болуы қажет.

«Сөре-таңдау кеңістігі. Егер қазақстандық тауар төменде жасырынып тұрса немесе мүлде болмаса, бұл маркетинг емес, бұл – заң бұзу. Біз аталған нормалардың орындалуына ерекше назар аударамыз», – деп атап өтті Ернұр Жәутікбаев

Қазақстандық кәсіпорындар биыл төрт ай ішінде 9 трлн теңгенің тауарын шығарды. Өңдеу өнеркәсібі 7,2%-ға өсіп, отандық кәсіпорындардың өндірістік қуаты артты.