Жаңалықтар

Күнекей Нұрлан: Кәсіпкер боламын деген әйел алдымен денсаулығынан бастау қажет

Күнекей Нұрлан
Күнекей Нұрлан / Фото: Батыр Әубәкіров / Besmedia

Дүниежүзілік банктің мәліметінше, Орталық Азияда ерлердің жалақысы әйелдерге қарағанда 25-30%-ға артық. Қазақстанда ірі компаниялардағы топ-менеджерлердің 14%-ы ғана әйелдер. Көбінде әйелдер бала күтімімен үйде отырып, қаржылық жағынан күйеуіне тәуелді болатын жағдайлар көп. Бұл қалыпты нәрсе ме әлде әйелдің жеке бюджеті болуы міндетті ме? Ал кәсібімді ашамын деген әйелдер нені ескеруі керек? Қандай қателік жібереді? Осы мәселелер жайлы қаржыгер Күнекей Нұрланмен сөйлескен едік. Толығырақ материалдан оқып шығыңыз.

Отбасында ақшаны кім ұстауы қажет?

Әйелдің жеке қаржысы, қаржылай сауаты туралы сөз қозғағанда, маңызды факторды қарастыру керек. Ол – біздің менталитетіміз. Жалпы біздегі қоғамды патриархал деуге келеді. Көп жағдайда ер адам – ақша табатын адам, үй асыраушысы болады. Ал әйелдің рөлі бала күтімі, үй шаруашылығымен шектелетін отбасылар жиі кездеседі. Ер адам ақша табуды жеке міндеті деп біледі, тиісінше ол ақшаны жоспарлауда, бөлісуде жалғыз өзі ғана шешім қабылдайды. Жұбайымен талқыламайды. Мұны әйелін жек көру, әйелге зорлығы деп емес, қалыптасып кеткен әдет деп қарастыру керек шығар.

Бірақ еркек асыраушы, әйел үйге жауапты деген формуланың кемшіліктері өте көп. Біз нарықтық экономикада өмір сүреміз. Ал нарықтық экономика заңы бойынша, әр жеке тұлғаның өз бюджеті, өз қаржылай мақсаты болуы керек. Отбасы да – шағын дамушы қоғам, демек ондағы қаржылай мәселелер де екі жақпен талқыланып, шешілуі қажет. Иә, ер адам – ақша табады, асырайды. Бірақ отбасы шығындарын, қаржылай мақсаттарын әйелімен бірге талқылауға тиіс.

Келісемін, отбасылық бюджетті жүргізу әр отбасының жеке шешімі. Әрбір отбасының ешкімге ұқсамайтын ішкі қағидалары бар. Бірақ маман ретінде айтарым, ең тиімді нұсқа – отбасылық бюджетті бірге жүргізу.

Әрбір әйелдің жеке қаржысы болуы керек

Барлық әйелдің жұмысқа шығып, ақша табуға мүмкіндігі жоқ. Көбінде бала күтімімен үйде отырады. Декрет, жәрдемақы не күйеуі берген ақшамен шектеледі. Оның өзінде бар ақшаны отбасының қажетіне шығындайды. Жеке өзіне деген қаржы қоры, қосымша ақша болмайды. Бұл – әйелге зиян.

Қаржы дағдысының деградациясы деген ұғым бар. Егер тұлға ақшамен қарым-қатынас жасамаса, оны табуды, жоспарлауды білмесе, бұл мәселеде дамуы кері кетеді. Қаржы сауаты төмендейді, дағдарысқа ұшырайды, ақшаны басқара білмейді.

Ертең ажырасып кету, күйеуі төсек тартып қалуы немесе қайтыс болуы деген сияқты күтпеген жағдай болса, әйел бала-шағасымен жалғыз қалады. Өмір бойы күйеуі берген ақшаға тәуелді болған әйел қиын сәтте ақша табуды, оны жұмсауды білмейді. Сондықтан әрбір әйелдің жеке қаржысы, жеке табыс көзі болуы міндетті.

Декретке шығардан бұрын қор жинап алыңыз немесе жолдасыңызбен алдын ала шешіп алыңыз. Тіпті сол кезеңде күйеуінің қолына қарап отырса да, жеке өзінің шығынына деп ақша беруін келісіп алуы керек. Отбасылық бюджетті жоспарлауға да белсенді қатысып отыруы тиіс.

Әйелдің баласы бар ма, жоқ па, тұрмыста немесе бойдақ па – маңызды емес, міндетті түрде жеке табыс көзі болуы керек. Бұл – өз-өзіне жауап беретін ересек адамның сипаты. Алдымен әкесінен, кейін күйеуінен ақша сұрап, олардың қаржысына тәуелді болуы – инфантиль, кішкентай баланың әрекеті тәрізді.

Қандай жағдай болмасын, адамда ақша табу дағдысы болуы керек. «Менің күйеуім ақша табады, мен бес баламен үйде отырмын» деген дұрыс нәрсе емес. Себебі әйелдің қаржы сауаты болуы бала тәрбиесіне де пайдалы. Өзінің ақша табудан, оны жұмсаудан хабары жоқ әйел балаларына қандай үлгі береді? Оларға ақша туралы қалай үйрете алады? Үнемі қаржы сауатыңызды ашуға, тұлға ретінде дамуға тырысыңыз.

Әйел мен еркектің қаржылай сауатының айырмашылығы – патриархал қоғамда ғана. Басқа жағынан олардың мүмкіндіктері ерлермен бірдей.

Әйелдер қоғамда үнемі физикалық, экономикалық зорлық көретіні рас. Оны парақшама жазған жүздеген әйелдердің хатынан байқаймын. Оңтүстік өңірде әйелінің ақшасын күйеуі алып қоюы, келіннің ақшасын, жәрдемақысын ата-енесі алып отыруы деген көп. Бұл – экономикалық зорлық. Сондықтан кей келіншектер тапқан ақшасын басқалар алып қоймасын деп басқа туысының картасына салып отырады. Өзі жинай алмайды не жарата алмайды. Ондай қарым-қатынас мәселесі бар отбасында қаржы сауаты туралы сөз қозғау қиын.

Гендерлік теңсіздікпен күн сайын кездесемін

Мен күнделікті кәсіпкерлерге, түрлі адамдарға консультация жасаймын, қаржы мәселесіне қатысты қызмет көрсетемін. Күн сайын гендерлік теңсіздікті көремін. Байқағаным, кәсібінің айналымы миллиардтан асқан бизнесмендердің көпшілігі – ер адамдар. Ал көпшілік әйел кәсіпкерлердің бизнесінің айналымы 100 млн теңгеге дейін ғана, көпшілігі сұлулық салоны, тұрмысқа қажетті дүниелер, киім сатумен айналысады. Бәлкім, шынайы статистика басқаша шығар, бұл менің жеке тәжірибем ғана.

Сол тәжірибеден тағы бір байқағаным – қаржы сауаты, бизнесті меңгеру, оны ұйымдастыруда ерлердің деңгейі жоғары. Өйткені әйел адамдар кәсіпке отбасымен қатар келеді. Бала-шағасын туып, оларды аяғынан тұрғызу үшін бизнеске араласып жатқан әйелдің қосымша білім алуға уақыты да бола бермейді. Өкінішке орай, патриархал қоғамда әйелдің мүмкіндіктері аз. Біз енді ғана еңсемізді көтеріп келе жатырмыз.

Бизнесі бар көпшілік әйел кәсіпкердің ерлер тәрізді ізденуге, көруге уақыты тапшы. Мемлекет тарапынан берілетін мүмкіндіктерді де қолдана бермейді. Себебі үй шаруашылығын қоса алып жүруі керек.

Оның үстіне бизнесте жүргенде менталитет қатты әсерін тигізеді. Оны жеке тәжірибемнен білемін. Біз бизнесімізді күйеумізбен бірге жүргіземіз. Іс-сапарларға да үнемі жолдасыммен шығуға тырысамын. Сонда байқағаным, кейбір серіктестеріміз алдымен күйеуіммен амандасып, сонымен сөйлесіп, шешім қабылдайтын кезде тек сол кісінің көзқарасын ғана сұрайды.

Оңтүстік, батыс өңірде қарым-қатынас мәселесі де, әйел адамды басшылық қызметте қабылдамау деген менталитет те бар. Иә, мықты, табысты әйел кәсіпкерлер бар, бірақ өте аз.

Кәсіптің қаржысын жеке қалтамен араластырмаңыз

Мейлі әйел не ер кәсіпкер болсын, ең бірінші кеңес – кәсіптің қаржысын өз қалтаңызбен араластырмаңыз. Көп кәсіпкер бизнестен түскен ақшаға балабақшаны төлеп, үйіне азық-түлік ала салады. Kaspi Pay-дегі ақшаны Kaspi Gold-қа жібереді. Ол бизнесмен емес, ол адамды «ойыншық кәсіпкер» деймін.

Жеке бизнес қаржысы жеке қалтадан бөлек тұрсын. Бұл – ең маңызды ереже

Бизнестегі ақшаны ұйымдастырғанда, апталық, айлық, жылдық есеп жүргізу керек. Кіріс пен шығынды санап, кәсіпке қажетті шикізат, шығын нүктесі тәрізді қаржы көрсеткіштерін санап болғаннан кейін түскен таза табысты жеке шығынға тартуға болады.

Ешбір есептеусіз бизнес ақшасын жұмсай беру – қаржылай сауат деңгейінің төмен екенін білдіреді. Ол кәсіпкер бола тұра ақшасын ұйымдастыра алмайды деген сөз. Сондықтан қаржы сауатты арттыру әрдайым басты мақсат болып қала беру керек.

Қазір тегін ақпарат өте көп. Өз салаңызға қатысты айына бір рет кітап оқуға немесе подкаст көруге тырысыңыз. Түрлі компаниялардың әйел кәсіпкерлерді қолдайтын бағдарламалары көп. Freedom Holding-тің өзінде қаншама подкасттар шығарады.

Басқа адамға БЖЗҚ-дан ақша шешіп беру – заң бұзушылық

БЖЗҚ-дан рұқсат берілген зейнетақы ақшасын алып беремін, арест шешемін деген сияқты қызмет ұсыну көп. Оны кәсіп емес, заң бұзушылық дер едім. Біреудің электронды кілтін алып, БЖЗҚ-дағы зейнетақыны алуға немесе жәрдемақы жіберуге ешкімнің құқығы жоқ. ЭКҚ – жеке дерек. Ертең соны пайдаланып басқа біреулер кредит алып кетуі де мүмкін ғой.

Заң бойынша, зейнетақыдан қаржысын шешіп алғысы келген адамға бағыт-бағдар беріп, көмектесуге болады. Ол – консультациялық қызмет. Және ол үшін де кәсіби білім алып, консультант ретінде тіркелу қажет. Одан да салық төлейсіз. Жеңілдетілген режимдегі 3% емес, 10-20%-ға дейін салық төлеуі керек.

Дәл осылай Temu, Pinduoduo сияқты қытайлық сайттардан арзан тауар сатып әкеліп, Қазақстанда сату да кәсіп түріне айналды. Заң жағынан қарасақ, ол да қателік. Біріншіден, арзан тауарларды контрабанда дейді. Себебі көпшілігі каргосын төледім деп, кедендік декларацияны айналып өтеді. Ол контрабандаға жатады. Бірақ, шыны керек, нарықтың жартысы – контрабанда бізде.

Мүлде айналысуға болмайды демеймін. Егер кәсіп бастағыңыз келсе, қытайлық сайттардан тауар алып, сатып көрсеңіз болады. Дайын өнімді екінші адамға сату – кәсіптің ең алғашқы қадамдары. Оның экономикаға айтарлықтай әсері жоқ, үлесі өте төмен. Сондықтан бизнесті Temu-дан бастап көрсеңіз болады. Бірақ оны да заңды түрде ұйымдастырыңыз. Кәсіпкер ретінде тіркеліп, түскен табыстан салық төлеңіз. Ереже бойынша, жылдық табысы 12 млн теңгеден асып кетсе, тіркеліп, салық төлеуіңіз керек.

Бизнес ашамын деген әйел өзіне қарау керек

Кәсіп ашамын деген әрбір әйелге айтарым – алдымен өзіңізге қараңыз. Жеке денсаулығыңызды, менталдық саулығыңызды реттеңіз. Консультация алуға кей әйелдер әбден шаршаған, қажыған күйде келеді. Ал шаршаған адамның бизнесі де жүре қоймайды. Сол үшін алдымен өзіңізге көңіл бөліп, өзіңізді «толтырыңыз» дегім келеді.

Қаржы мен денсаулық мәселесін елемеу – үлкен қателік.

Көп әйелдің бизнеске келудегі негізгі мақсаты да – тек мұқтаждық, ақша табу. Баламды өсіремін, жеткіземін, отбасымды аяққа тұрғызамын деген мотивация әйелді кәсіпке әкеледі. Бизнес ұнайды, осы саланы байқап көрейінші дейтіндер сирек.

Бірақ әйел болсын, ер болсын – барлығы бірдей бизнесмен болуға ебі бола бермейді. Қазір инфобизнесте «успешный успехты», бизнесті тым көп насихаттап жіберді. Әрбір үшінші адам кәсіп ашқысы келеді. Бірақ кәсіп ашу деген – үлкен міндет, оны алып жүру қиын. Жауапкершілігі үлкен. Кәсіпті бастамас бұрын «бұл маған не үшін керек» деп өзіңізден сұрап, нақты шешіп алыңыз.