Жаңалықтар

Жаңа Каледония: дүниежүзілік картада жаңа ел пайда болады

Жаңа Каледония / Фото: shutterstock

Парижде Жаңа Каледония атты мемлекеттің құрылуы туралы келісімге қол қойылды. Жаңа ел жартылай Францияға тәуелді болады. Бұл туралы ел президенті Эммануэль Макрон хабарлады. Ал премьер-министр Франсуа Байру келісімге «тарихи» деп баға берді.

Құжатқа сәйкес, жаңа құрылған мемлекеттің тұрғындары жеке азаматтық ала алады, яғни Франция және Жаңа Каледония азаматы деген екі құжаты болады. Жаңа мемлекетке өз бетінше халықаралық саясатын жүргізу деген өкілеттілік беріледі.

Жаңа Каледония өкілдері мен Париж арасындағы келіссөздер он күн жүргізілген. Тұрғындардың бір бөлігі толығымен тәуелсіздік алуды қаласа, ал екінші жартысы Франция құрамында қалуды қолдаған. Нәтижесінде автономия статусына тоқтады. Енді құжатты Франция парламенті мен Жаңа Каледониядағы референдум бекітуі керек.

Жаңа Каледония – Тынық мұхитындағы архипелаг. Франция бұл аралды 19 ғасырдың ортасынан бастап иеленеді. Бұған дейін де 2018 жылы, 2020 және 2021 жылдары тәуелсіздік алу туралы референдум жүргізілген, бірақ үшеуінде де көпшілік Франция құрамында болуды қалады.

2024 жылдың мамырында Жаңа Каледонияда сайлау заңнамасына өзгеріс енгізілуіне байланысты тағы да жаппай наразылықтар басталды. Бірнеше адам қайтыс болды, 300-ден астамы жарақаттанды. Париж аралға төтенше жағдай жариялап, әскерилер енгізуге дейін барды. Осыдан кейін тәуелсіздік алу туралы сұрақ тағы да күн тәртібіне қойылған еді.